Павлодарда еліміздегі табиғаты ең көрікті жерлердің бірі Баянауыл орманы отқа оранды. Қазірдің өзінде, тілсіз жау 93 гектар алқапты күлге айналдырған.
Өрттің неден шыққанын мамандар анықтау үстінде. Кеше түскі сағат 1-лер шамасында Жасыбай ауылының маңында басталған дала өрті ауа-райының ыстық болуынан, қатты желден одан сайын күшейе түскен. Қазір аймақта 5-санатты өрт қауіпі жарияланған, деп хабарлайды Евразия арнасы.
Орман өрті кешқұрым күшіне мінген. Алапат қызыл жалынның құрсауында қалған орманды сол маңнан көлікпен өтіп бара жатқандар түсіріп алған.
Көз ілеспес жылдамдықпен тараған өрт оқиға куәгерлерінің сөзінше, таң атқанша жалғасқан. Келесі бір бейнежазбада тұрғындар қызыл жалын шарпыған жерлерді көрсетіп жүр.
Жылдар бойы өскен орман ағаштары тілсіз жаудың құрбаны болды. Кейбір ақпарат көздері өрт тұрғын үйлерге қарай жақындады деген мәлімет таратты. Алайда оны жауаптылар жоққа шығарып отыр.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары ұлттық парк аумағын әуеден бақылап, отқа оранған аймақтың көлемін есептеген. Олардың сөзінше, қызыл жалынның тұтануына бірнеше күннен бері өңірде сақталып тұрған қолайсыз ауа-райы себеп болуы мүмкін.
"Баянауыл ауданында орман және дала өрттері орын алды. Қазіргі таңда, Жасыбай елді-мекенінің Жанбақты орман алқабы өрт болды. Соның көлемі қазір біршама үлкен көлемде өртенді. Сол өрттің өршуіне ықпалын тигізген, сол ауа-райының 29-30 градус ыстық болуы және желдің ұйытқуы 20-24 м/с болды", - дейді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Ернұр Өтегенов.
Жолындағы орманды күлге айналдырған тілсіз жаудың ауқымы сағат санап ұлғая түскен. Жағдай қиындап бара жатқанын түсінген облыс әкімі Болат Бақауов та мән-жаймен танысу үшін оқиға орнына арнайы барыпты.
Жалпы орман өртін сөндіруге төтенше жағдайлар департаментінің 500 маманы мен 120 техника жұмылдырылған. Тілсіз жау сөндірілсе де, кейбір адам аяғы жетпейтін жерлерде әлде де өрттің ошақтары сақталып тұр екен.
"Қазір, ауа-райына байланысты өртті сөндіру барысында қиындыққа тап болдық. Сол себепті аймақта өрт қаупінің жоғары санаты берілді. Түнде кей жерлерде, Баянауылда да жаңбыр жауды. Сондықтан, жағдай біртіндеп оңалып келеді", - дейді ҚР ІІМ төтенше жағдайлар комитетінің басшысы Владимир Беккер.
Төтеншеліктердің мәліметінше, өрттен адам шығыны жоқ. Ал, табиғатқа қанша залал келгені қызыл жалын толық сөндіріліп біткен соң белгілі болмақ.