Ақмола облысында қатты жел бірқатар елді мекендерде ғимараттардың шатырын ұшырды, деп хабарлайды облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Қазақпарат.
Ведомствоның мәліметінше, 23 қыркүйек сағат 20:00-де Көкшетау қаласында жылдамдығы секундына 28 метр болатын жел тұрған. Күшті жел Азаматтық қорғаныс көпбейінді жоғары колледжінің төрт қабатты ғимаратының шатырын жұлып түсірді. Салдарынан ғимараттың 200 шаршы метр шатыры бүлінді.
«Төтенше жағдайдың салдарын жоюға ТЖД жеке құрамынан 2 қызметкер мен 1 техника, жергілікті атқарушы органдардан 3 қызметкер мен 1 техника тартылды», - деп айтты ведомстводан.
Ал, 24 қыркүйек түнгі сағат 05:00 шамасында Атбасар қаласындағы бірінші шағынауданда орналасқан №3 орта мектеп шатырының аумағы 75 шаршы метр болатын бір бөлігі жұлынды. Сол күні түнгі сағат 01:30-да жел Зеренді ауданындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектебінің шатырын ұшырды. Яғни, білім ордасының аумағы 630 шаршы метр болатын шатыры бүлінді.
«Қазіргі кезде осы төтенше жағдайларға байланысты арнайы комиссия құрылып, жұмыс істеуде», деп толықтырды ведомствоның баспасөз хатшысы Динара Есенбаева.