Аталған жиынға 13 мемлекеттен байланыс саласына жетекшілік ететін 7 министр басшылығымен келген делегация мен Халықаралық электр байланысы одағы, Дүниежүзілік пошта одағы, ТМД атқарушы комитетінің өкілдері және басқа да ұйым басшылары қатысты.
«Біз бұдан он жыл бұрынғы кездесуімізде 3G және 4G технологияларын іске асыру тақырыбында сөйлескен едік. Ал бүгінгі талқыланып отырған тақырыптың бағыты өзгеше. Қазіргі уақытта бізге тереңірек ойланып, экономиканы цифрлық түрлендірудің маңызы туралы айтатын уақыт келді. Себебі онсыз әрі қарай даму мүмкін емес», - дейді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.
Сонымен бірге сала министрі осындай жиындар цифрлық даму тұрғысынан «сағаттарды салыстыруға» және синергетикалық эффектіге қол жеткізу үшін бірігіп қадам жасауға зор ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ, Асқар Жұмағалиев Әзербайжан, Беларусь, Иран, Ресей және Тәжікстандағы цифрландыру саласына жауапты министрлермен қостарапты кездесулер өткізді.
Айта кетейік, осыған дейін Халықаралық Электр байланысы одағының Бас хатшысы Чжао Хоулинь Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, өзі басшылық жасайтын одақтың 4G және 5G желілерінің қызмет көрсету бағыты бойынша дайындап жатқан халықаралық стандарттарын баяндаған болатын. Сонымен қоса Дүниежүзілік пошта одағының Бас директоры Бишар А.Хуссейн, Электр байланысы одағының Бас хатшысы Чжао Хоулинь және байланыс саласындағы аймақтық достастық әкімшілігі делегациясы ҚР Үкімет басшысы Асқар Маминмен кездесіп, жоғарыда аталған шара жөнінде және қазан айының соңында Египетте өтетін Бүкіләлемдік радио байланысы конференциясының жұмыстары жайын талқылады.