Арыма қол сұқты! Ақтөбеде 23 жастағы бойжеткен осылай деп полицияға арызданды. Күдікті жалғыз емес, жанында танысы болған. Бойжеткенді көліктеріне отырғызып алып, өзен жағасына барған. Сол жерде үстерінен патрульдік полиция түскен. Көліктен жүгіріп шыққан қыз өзін зорлағанын жайып салады. Алайда айыпталып отырған жігіттің туыстары «інімізге жала жабылды» деп байбалам салып отыр.
Оқиға жаз айында болған. Өзен жағасында тұрған көлікті сол маңда жүрген патрульдік полицейлер байқап қалыпты. Күдікке жеңіл көліктің жүргізушісі мен салонында отырған жігіт ілінеді, деп хабарлайды «Еуразия бірінші арнасы».
«Басында ҚР ҚК 120-бабы 1-тармағымен (Зорлау) қылмыстық іс қозғалған болатын. Сонымен қатар сараптамалар тағайындалып, қорытындысы алынғаннан кейін және де басқа да дәлелдейтін заттар табылғаннан кейін қылмыстық іс ҚК 120-бабы 2-тармағына ауыстырылды. Сол күні күдіктінің біреуі, яғни автокөлік жүргізушісі қамауға алынды. Ал екіншісі бұған дейін үй қамақта отырған, ол да қамауға алынды», - дейді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Көңіл көтерем деп жүріп, от басқан қызының жағдайын айтып анасы дереу «НеМолчи» ұйымының жетекшісі Дина Смаиловаға хабарласыпты. Баласының құқығын қорғайды деп сенім білдірген адвокатының өзінен ақыр соңында күмәнданғанын айтып, кеңес сұраған.
«Анасының айтуынша, қызы жігіттермен караоке клубта танысқан. Шамасы сусынға бірдеңе қосып берген болуы керек. Өйткені қыз есін көлік өзен жағасына барғанда ғана жиған. «Көзін ашып қараса, жалаңаш жатыр екен», - дейді. Жігіттердің бірі шаруасын бітіріп үлгерген. Көліктің іші қан болған. Қазір тағы бірнеше сараптама тағайындалуы тиіс. Іс дұрыс тергеледі деп үміттенемін, полиция департаментінің басшысы бұл істі бақылауына алған болуы керек», - дейді «Немолчи.kz» ұйымының жетекшісі Дина Смаилова.
Күдікке ілінген жігіттің әпкесі болса інісінің судан таза сүттен ақ екенін айтуда. Мұның бәрі оған жабылған жала деп отыр. Самал Нұртазина бойжеткен сол күні інісінің басындағы бас киімін шешіп алып, «қажет болса, өзің іздеп кел» деп бірнеше мәрте телефон соққан дейді. Олардың көлікте бірге болғанын да жасырмайды. Алайда ешқандай зорлық болмаған деп отыр.
«Ештеңе болған жоқ, сол үшін біз тыныш отырдық. Ол барған жерде 5-10 минуттан соң полиция ұстаған. Үстінде киімдері бар, жыртылмаған, дым да болған жоқ. Көлікті сол жерден бірден алып кеткен. Сараптама, бәрі жүріп жатыр. Зорлықпен келіспейміз, біз Жоғарғы сотқа дейін барамыз. Ақтап аламыз. Бұлай жарамайды. Біз мұнымен келіспейміз. Неге істемеген нәрсені жаза береді?» - дейді айыпталушының әпкесі Самал Нұртазина.
Самал Нұртазина қылмыстық істің дұрыс тергелмей жатқан тұстары бар екенін де айтты. Сондықтан Бас прокуратура мен ішкі істер министрлігіне арызданған. Ал бойжеткенді зорлады деп күдікке ілінген екі жігіт те қамауда отыр. Оларға қылмыстық кодекстің «Зорлау» бабының екінші тармағы бойынша іс қозғалып отыр.