24.09.2019, 22:20

Нұр-Сұлтанда 45 тонна балық сатылады

Атыраулықтар астанаға жалпы сомасы 135 млн теңгені құрайтын 176,7 тонна өнім әкеледі.

Қыркүйектің 28-29 күндері «Хан шатыр» ОСО жанында Атырау мен Шығыс Қазақстан  облыстарының ауылшаруашылық тауарларының жәрмеңкесі өтеді, деп хабарланды елорда әкімдігінің ресми сайтында.

"Алдағы демалыс күндері өтетін    жәрмеңкеге Атырау облысының 7 ауданы мен Атырау     қаласының тауар өндірушілер қатысады. Атыраулықтар астанаға жалпы сомасы 135 млн теңгені құрайтын 176,7 тонна өнім әкеледі. Оның ішінде 24 тонна ет өнімі, 35 тонна көкөніс, 6 тонна сүт өнімі, 45 тонна балық өнімі, 40 000 дана жұмыртқа және 65,7 тонна өзге өнімдер бар. Бұған қоса, жәрмеңкеге Шығыс-Қазақстан облысының 15 ауданы мен екі қаласының өндірушілері қатысады. Шығысқазақстандық кәсіпкерлер Нұр-Сұлтан қаласына 310 тонна көлемінде тауар әкеліп, сатуды көздеп отыр. Жалпы сомасы 224,7 млн теңге болатын 15-тен астам тауар түрі сатылады", - делінген таратылған ақпаратта.  

Атап айтқанда 60 тоннадан астам бал, 15 тонна сүт өнімі, 13 тонна күнбағыс майы, 3 тонна жарма, 5 тонна балық, 45 тонна жылқы еті, 10 тонна қымыз, 150 тонна көлемінде ұлттық өнімдеп, пантоөнім және картоп сату жоспарланған.

"Елордалықтарға ұсынылатын азық-түлік өнімдерінің барлығы санитарлық ветиринарлық талаптарға сай келеді, тиісті құжаттарға ие", - дейді ұйымдастырушылар. 

Жәрмеңке кезінде Атырау облысының шығармашылық ұжымдарының  қатысуымен концерт өтеді. Жәрмеңке сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейді.

Тегтер: Балық