21 тамыз күні Ақтөбедегі жүйке ауруына шалдыққандарды емдейтін интернатты тексеруге барған прокурорға аталмыш мекеменің басшысы бірнеше рет пара алу туралы ұсыныс жасаған. 60 жастағы орталық директоры 1,5 млн теңге параны прокурордың пакетіне салған сәтінде ұсталды деп хабарлайды өңірдегі KAZ.NUR.KZ.
Бүгін Ақтөбе қалалық №2 сотында жүйке ауруына шалдыққандарды емдейтін интернат басшысы Клава Панның үстінен қозғалған қылмыстық істің жарыссөзі болды.
Медициналық мекеме басшысы өзіне тағылған барлық кінәні мойнына алды. Сотталушы ірі көлемдегі ақшаны баласының тойы үшін жинаған.
«Мен сол күні прокурорды үйіне дейін апарып тастадым. 1,5 млн теңге ақшаны оның пакетіне салып жібердім. Прокурордың пәтерде тұратынын білдім. Сол күні офицерлер күні болатын. Сыйлық жасағым келді. Мен өз кінәмді толық мойындаймын. Дәл сол жерде мені ұстады», - деді сотталушы Клава Пан.
Директор өкілетті орган тексерісі қиындықсыз аяқталуы үшін пара ұсынған.
Сот процесі қысқартылған тәртіпте өтіп жатыр.
Прокурор сотталушының салада ұзақ жыл еңбек еткенін және облыстың құрметті азаматы екенін ескеріп, бас бостандығынан айырмай, берген парасын 15 есе қылып қайтартуды сұрады.
«Сотталушының өзі кәніні мойындағандықтан оны кінәлі деп тауып, берілген параны 15 есе қылып айыппұл салуды сұраймын. Мемлекет пайдасына 22 млн 500 мың теңге өндіру сұралады. Мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқынан өмір бойына айырылсын», - деді прокурор Жәнібек Төребек.
Мекемені прокурорлық тексеру кезінде ешқандай заңсыздық анықталмаған.