Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев «Ашық диалог» бағдарламасына берген сұхбатында елордадағы көп балалы аналардың митингісі туралы да сөз қозғады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Әңгіме негізі атаулы әлеуметтік көмек алудағы алаяқтық жайттарын талқылаудан басталды.
«Өкінішке қарай, шынымен де алаяқтық фактілері жиілеп барады. Шымкентте ажырасқан қырғын адам, сот арыздан көз ашпай қалған. Өткен аптада БАҚ беттерінен мынандай масқара жайтты оқыдым: Бір отбасы балалар үйіне өткізген өз баласын қайтарып алған, атаулы әлеуметтік көмекті тіркетіп алған соң, оны қайтадан балалар үйіне тапсырған.
Ал Оралда адамдар қарттар үйінен ата-анасын осы жәрдемақыны тіркету үшін уақытша шығарып алып жатқан жағдайлар да кездескен. Кейбіреуінің жыл бойғы кірісі 8 миллион теңгеден асып түсетіндер де жүр арасында», - деді Дәурен Абаев.
Ол осындай жағдайларға Үкімет көз жұма қарай алмайтынын, мұндай алаяқтық түрлерімен міндетті түрде күресу қажет екенін атап өтті.
Әңгіме митинг, наразалық білдірушілер Үкімет халықтың жағдайын дұрыс жасамай отыр деп санайтынына келгенде, ол мемлекет ешқашан халқы алдындағы өз міндеттемелерінен бас тартпағанын баса атап өтті.
«Егер біз наразылық білдірушілердің ығына жығылып, бүгін біреуіне пәтер берсек, онда ертең басқалар да баспана сұрап, үдере көтеріледі», - деп түсіндірді Дәурен Абаев.
«Бұл жерде мынандай бір маңызды мәселе бар. Алаңға шыққан әйелдер кезектен тыс пәтер беруді талап етуде, ал бұл мемлекеттік көмектің әділ бөліну принципін бұзады. Осындай риясыз әрекеттен кейін сол көшеге шыққандардың көбісінің еңбекке қабілетті күйеуі бар екендігі, тіпті, кейбірінің басында баспанасы бары да анықталды. Олардың көпшілігінің қарызы кешірілген, атаулы әлеуметтік көмек те алады, соның ішінде демеушілердің де тарапынан көмек алғандар бар», - дейді ол.
Дәурен Абаев мемлекеттің халықтың әлеуметтік осал топтарына тәртіп бойынша кезекке қарай көмек беретінін, олар митингке шықса да, шықпаса да осылай болатынын қадап айтты.