Қытайлық Xiamen Airlines әуе компаниясының жолаушысы ұшақта отырып, апатты жағдайда ғана қолдануға болатын есікті ашып жіберді. Ол есікті ашардың алдында қатты ыстықтап кеттім деп шағымданған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Жағдай Қытайдың Ланьчжоу қаласындағы Тяньхэ әуежайында болды. Бұл кезде ұшақ ұшуға дайындалып тұрған болатын. Стюардессалар апатты есіктің жанында отырған әйелге оны ашуға болмайтынын ескерткен. Алайда, әйел қатты ыстықтап кеткенін, таза ауа жұтпаса болмайтынын айтып, оны ашып жібереді.
Кадрлардан бұл жағдайға жолаушылардың қатты таңғалғанын көруге болады. Ал жолаушы болса есікті ашып қойып, самалдап отыр.
Экипаж мүшесі өз кезегінде бұл жағдай туралы полиция қызметкерлеріне хабарлап, кейін әйел адам рейстен түсірілді. Қытайда әуе кемесіне зиян келтіретін азаматтар 10-15 тәулікке қамалады.