$ 498.34  519.72  4.85

Сириядан оралған әйел соттан кешірім беруді сұрады

Сотталушы мен оның туыстары фото мен видеоға түсіруге қарсы екенін айтты.

27 қыркүйек күні Түркістан облысы Қазығұрт аудандық сотында Сириядан оралған Аида Амангелді тағылған айыпты толық мойындайтынын айтып, соттан кешірім беріп жазасын жеңілдетуді сұрады. Бұл туралы Азаттық хабарлады.

Аида Амангелді – 2015 бес баласымен Сирияға кеткен Марат Мәуленовтың қызы. Алғашқы отырысқа сотталушы мен оның туыстары, прокурор қатысты. Ашық өтіп жатқан істі судья Гүлмира Рахымбаева қарап жатыр.

24 жастағы Аида Амангелдіге Қылмыстық Кодекстің "терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру", "Қорқыту" "Құқық қорғау органы, арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, әскери қызметшінің өміріне қол сұғушылық" бабымен айып тағылған.

Сотталушы мен оның туыстары фото мен видеоға түсіруге қарсы екенін айтты. Судья олардың өтінішін қанағаттандырып сот процесінде фото мен видео түсіруге рұқсат етпеді.

Сот тергеуінде судья Рахымбаева куәгерлердің жауабын және «Аида Амангелдінің Сириядан жолдаған хатына» сарапшылар жасаған қорытындыны оқып берді. Судья отырыс кезінде Айыпталушы мен жәбірленушілердің (Айыптау актісіне сай, Аида Амангелді жәбірленушілерге хат жіберіп қорқытқан) татуласқанын да хабарлады. Прокурор Ерсін Алтаев айыпталушы Аида Амангелдіден "тағылған айыптарды мойындайсыз ба және істеген ісіңізге өкінесіз бе?" деп сұрады.

Аида Амангелді ойланып тұрып "айыпты мойындаймын, істеген ісіме өкінемін, кешірім беруіңізді сұраймын" деді де, соттан прокурормен процессуалдық келісім жасағысы келетінін айтты. 15 минут үзілістен кейін судья Рахымбаева айыпталушы Аида Амангелдінің өтінішін қанағаттандырып, сотты 4 қазанға қалдырды.

Аида Амангелдінің анасы Айгүл Нысанбаеваның Азаттыққа айтуынша, 2015 жылы күйеуі Марат Мәуленов бес баласын алып, Түркия арқылы Сирияға өтіп кеткен. Күйеуі мен үлкен ұлы Сириядағы соғыста қайтыс болған. Қалған төрт баласы 2019 жылы мамыр айында "Жусан" операциясымен Қазақстанға оралған. Түркістан облыстық кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 2001 жылы туған ұлы Диас Амангелдіні Қылмыстық кодекстің "терроризмдi насихаттау немесе терроризм актiсiн жасауға жария түрде шақыру" бабымен алты жылға соттаған. 1997 жылы туған Абзал Амангелді Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеуінде жатыр. 5 және 9 жасар ұлдары өз қолында.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Сирия