Қарағандыда қазақстандықтардың ең тағатсыздана күткен фильмі – «Томирис» тарихи драмасының премьерасы ұйымдастырылған залда ине шаншар жер болған жоқ.
Көрсетілім алдында кинокартинаны жасаушылар көрермендермен кездесті. Шығармашылық топты фильмнің режиссері Ақан Сатаев басқарды. Сондай-ақ, Қарағандыға Томирис рөлін орындаушы Әлмира Тұрсын мен Салтанат Серкебаева, Арғын рөлін сомдаған Әділ Ахметов, фильмнің продюсері Светлана Нам, қоюшы суретші Қуат Тілеубаев, костюм бойынша суретшілер мен гримерлер келді. Фильмді жасау үшін барлығы 400-ге жуықадамеңбек еткен.
«Менің туған жерім Қарағанды қаласына келуім маған әрдайым қуаныш сыйлайды. Бүгін Қарағанды жұртшылығына жұмысымызды ұсынып отырғанымызға қуаныштымыз. Біз әлемнің кез келген жерінде, кез келген көрерменге ұнайтын жақсы және сапалы кино жасауға тырыстық», - деді Ақан Сатаев. Томирис рөліне 15 мыңнан астам қыз үміткер болған. Бірақ сынамаға келгендер арасында Әлмира Тұрсын болған жоқ. Оның суреттерін фильмді қоюшылар Instagram-нан көрген екен. Және де оны басты рөлді орындаушы ретінде таңдаған. Томирис рөлін әртүрлі жаста үш актриса ойнады. Ақан Сатаевтың айтуынша, түсірілім басталғанға дейін оларды үш ай бойы атқа мініп, трюктерді орындауға үйреткен.
Басты рөлді орындаушы Әлмира Тұрсынның айтуынша, кино- бұл үлкен еңбек, оның қаншалықты қиын екенін көпшілік түсіне бермейді.
«Менің бұған дейін кино туралы пікірім басқаша болатын. Кадрда бір актер болуы мүмкін, бірақ кадрдың сыртында үлкен команда еңбек етеді. Әр адамның жұмысы жалпы нәтижеге әсер етеді, және бұл шын мәнінде таң қалдырады, өнерге басқаша қарауға мүмкіндік береді. Менің киноға деген көзқарасым өзгерді. Енді бұл өнер тұріне аса терең, құрметпен қарайтын болдым», - дейді Әлмира Тұрсын.
Салтанат Серкебаева түсірілім кезінде орнаған достастық жайлы айтып өтті.
«Мен алғаш рет киноға түстім, мен үшін де бәрі жаңа және таңсық болды. Менәншімін және өнермен таныспын, бірақ мені түсірілім командасының арасындағы нағыз достығы таң қалдырды. Өкінішке орай, шоу-бизнесте ондай жоқ. Ал бұл жерде барлығы бір-біріне уайымдады, көмектесуге тырысады, осының барлығы маған өте ұнады», - деді Салтанат Серкебаева.
Фильм біздің дәуірге дейінгі VI ғасырда массагеттер патшайымы Томиристің қолбасшылығымен сақ тайпалары парсы патшасы Кир ІІ-нің шапқыншылығына төтеп берген оқиғалар жайлы баяндайды. Фильм сценарийін әзірлеу кезінде көне грек тарихшысы Геродоттың еңбектері қолданылған. Атақты тарихшы бұл шайқас туралы «Халықтар арасындағы барлық шайқастардың ең қатыгезі» деп жазған.
Фильмнің басты желісі – сақ патшайымы Томирис, ұлы жауынгер әйел және оның бостандыққа және өз халқына деген сүйіспеншілігінің тарихы.
Киножоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды, фильмнің идеясы Әлия Назарбаеваға тиесілі. «Томирис» фильмі екі жарым жыл бойы түсірілді. Барлық түсірілім 93күнге созылды. Осы уақыт ішінде 150 сағат материал түсіріліп, нәтижесінде картинаның хронометражы 2 сағат 35 минутты құрады. Фильмнің кейіпкерлері ежелгі түрік тілінде сөйлейді. Түсірілім Іле өзенінің жағасында, Чунджада, Бурабайда және Алматыда «Қазақфильм» киностудиясында өтті. Арнайы түсірілім үшін тарихи шынайы костюмдер, қару-жарақ, тұрмыстық заттар, дөңгелекті рбалар және құрылыстар жасалды.
«Томирис» фильміне түркі тілдес елдер, соның ішінде Түркияда қызығушылық зор. Фильм Қырғызстанда прокатқа шықты», - дейді Ақан Сатаев.
Қазақстандық көрермендер бұл тарихи драманы 27 қыркүйектен бастап тамашалай алады.