12.12.2015, 05:33

Көші-қон заңдылығын бұзған 67 азамат ұсталды

Өткен тәулік ішінде қазақстандық шекарашылар мемлекеттік шекараның әртүрлі бөлігінде көші-қон заңдылығын бұзған 67 азаматты ұстады деп хабарлайды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің өкілдері.

 

Атап айтқанда, осы жылдың 11-желтоқсаны күні 15 сағат 30 минут шамасында Сарыағаш шекара отрядының шекарашылары рейд барысында «Қапланбек - авто» бақылау-өткізу бекетінің маңайында заңсыз жүрген Өзбекстан Республикасының 42 азаматын ұстады. Құжаттарын тексеру барысында олардың біздің елімізден шығу мерзімінің 30 тәуліктен 150 тәулікке дейін созылып кеткендігі анықталды.

Көші-қон заңдылығын бұзған басқа азаматтар «Алматы», «Хоргос», «Атырау-авиа», «Құрманғазы-авто», «Жібек жолы - авто», «Жайсаң - авто», «Жаңажол-авто», «Бейнеу-авто» бақылау-өткізу бекеттерінде ұсталды. Ұсталғандардың арасында ҚХР, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан елінің азаматтары бар.

ҚР Әкімшілік-құқықбұзушылық кодексінің 517-бабына сәйкес  ұсталғандардың барлығы әкімшілік жазаға тартылды.