Елімізде салыққа берешегі ең көп 100 адамның тізімі жарияланды. Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, жеке тұлғалардың жалпы қарызы 286 миллион теңгеден асып кеткен, деп хабарлады КТК арнасы.
Жалпы, берешектің 175 миллионы – негізгі қарыз. Қалған 110 миллионы – өсімпұл. Ал ең көп қарызы бар азамат – Қарағанды облысының тұрғыны. Жылдар бойы жер салығын төлемеген Асқар Нәбиевтің берешегі өсімпұлмен қоса есептегенде, 65 миллион теңгеден асып кеткен.
Екінші орында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Талғатбек Ілиясов тұр. Оның жалпы қарызы – 19 миллион теңге.
Тізімдегі үшінші адам – Қарағанды облысының тұрғыны. Виталий Мартыненконың берешегі – 8 миллион теңгеге жуық.
Айта кетерлігі, жыл соңына дейін елімізде салық рақымшылығы жүріп жатыр. Яғни, қарызы бар азаматтар негізгі берешегін 100 пайыз төлесе, өсімпұлы кешіріледі.