Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық журналистерге берген сұхбаты барысында «Байқоңыр» ғарыш айлағының болашағы жайында айтып өтті. Елбасының сөзіне сенсек, Ресей өз аумағында салынып жатқан «Восточный» ғарыш айлағын іске қосқан күннің өзінде Қазақстан «Байқоңырды» жауып тастамайды.
«Егер "Бақоңыр" болмаса, Ресеймен арадағы достық қарым-қатынас болмаса біздің қазақтар ғарышқа ұшпас еді. Екіншіден, қазіргі таңда Қазақстан ғарышға өздігімен ұша алатын зымырандар жасап шығара алмайды, ғарыш айлағының шығындарын ұстап тұру, кадрларды даярлау ісі де жалғыз өзіміз үшін мүмкін емес. Дегенмен, қазір біз осы бағытта жүріп келеміз. "Восточный" ғарыш айлағының салынып жатқандығын білеміз, бірақ оған бола "Байқоңырды жауып тастамаймыз" Ресеймен одан әрі де жұмыс істесе береміз» деді Назарбаев журналистердің сұрақтарына жауап беру барысында.
Айта кетейік, бұған дейін РИА Новости тілшілеріне сұхбат берген Ресейдің Қазақстандағы елшісі Михаил Бочарников та "Восточный" ғарыш айлағының салынғанына қарамастан РФ "Байқоңырды" одан әрі де пайдалана беретінін айтқан болатын.