03.10.2019, 09:30

Атырауда экс-шенеуніктер мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген күдікке ілінді (ВИДЕО)

Іс материалдарында экс-шенеуніктің жұбайының «жалақысын» өз қажеттіліктеріне жұмсағаны көрсетілген.

Атырауда облыс әкімінің бұрынғы орынбасары мен экс-шенеуніктерге қатысты сот процесі өтуде. Сотталушылар мемлекет қаржысын ысырап қылды деп айыпталуда. Бұл туралы Stan.kz  astanatv.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

Сотта жауап беріп жатқан 8 адамның бәрі биылғы жылы тұтқындалған. Сотқа тартылғандардың ішінде, облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы, оның орынбасары және әкімнің әлеуметтік сала бойынша бұрынғы орынбасары бар.

Әкімнің бұрынғы орынбасарынан басқаларының барлығы үй қамағында болған. Ал, әкімнің экс-орынбасары сот залына тергеу изоляторынан жеткізілді.

Сот процесі ашық тәртіпте өтті. Алайда, сотталушылар өздерін видеоға түсіруге қарсылық танытты.

Сот процесінің барысында айыптау актісі оқылды. Іс материалдарына сәйкес, білім бөлімінің басшысы өзінің жұбайын әдістемелік орталыққа жұмысқа орналастырған. Шенеуніктің жұбайы өзінің жұмысқа орналасқанын білмепті.

Іс материалдарында экс-шенеуніктің жұбайының «жалақысын» өз қажеттіліктеріне жұмсағаны көрсетілген. Ал, білім бөлімі басшысының орынбасары 39 миллион теңгені жымқырды деп күдіктелуде. Белгілі болғандай, бұл қаржы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға президенттік шырша ұйымдастыру мақсатында бөлінген.