Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қоғамдық қабылдауда елімізде мектеп директорлары жетіспейтінін мәлімдеді деп хабарлайды holanews.kz.
«Бүгінгі таңда мектеп басшылары мен директордың орынбасары қызметіне бос орындар өте көп. Оған кез келген маман бара бермейді. Бұл үлкен жауапкершілік, оған қаржылық бақылауды қосыңыз. Жалақы мәселесі тағы бар. Өкінішке орай, бізде директорлардың жалақысы аз. Қатардағы мұғалімдерден де аз алып жатады. Қазір министрлік бұл мәселені шешу жолдарын қарастырып жатыр», — деді А.Аймағамбетов.
Оның айтуынша, директорлар мен педагогтардың тапшылығы солтүстік өңірлерде жиі байқалады. «Мәселе мұғалімдерді физикалық тұрғыда жоқ дегеніміз емес. Мәселе педагогтардың жеткілікті саны оқу бітіріп шықса да, бүгінгі күні мамандыққа қызығушылықтары жоғары емес. Жай ғана мектепке бармайды»,- дейді министр.
Білім министрі Асхат Аймағамбетов 12 азаматтың өтінішін тыңдады. Олардың басым бөлігі оқу орындарының басшыларына шағымданды. Мысалға, елорда тұрғындары №12 мектептің бұрынғы директорының жұмысына ата-аналардың көңілі толмағандығын айтады.
Мектеп екінші жыл қатарынан жаңа оқу жылына дайын болмаған. Ал, мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпаратқа қарағанда, оқу орны тек биылдың өзінде 25 миллион теңге қаржы жұмсаған. Ақыр соңында оқу орнының директор қызметінен кетіп тынған.
Министр қазір бұл мектепте тексеру жүргізіліп жатқанын жеткізді.