$ 498.34  519.72  4.85

«Тоқаевқа шегінуге жол жоқ» - саясаттанушы Әзімбай Ғали

Бірақ Тоқаев Қазақстанға демократиялық еркіндік беремін, мейлінше қайта құру жасаймын дейді. Бұл дұрыс ниет делік, басқа жағдайда экономика мен бизнес қозғалмайды.

Саясаттанушы Әзімбай Ғали сәтті саяси трансформация мен транзитке сенімді кепілдік жоқ екенін айтты, деп жазады Skifnews.kz ақпараттық порталы. Ол билікке келген Тоқаевқа қатысты пікір білдірді. 

Оның ойынша, Тоқаев қазақтың Горбачевына айналуы мүмкін. Өйткені оның реформасы дұрыс. Бірақ саясаттанушы реформаның сәтті іске асуына күдікпен қарайтынын жасырмады.

«Тоқаевтың саяси және экономикалық курсы: ЕуроАзиялық экономикалық Одақтан алыстап, Қытаймен, Батыс елдерімен жақындасу. Себебі соңғы бес -алты жылда Қазақстанда да, Ресейде де, тіпті Қытайда да экономикалық тұрмыстық тоқырау күшеюде.

Ресей Қазақстанның Қытаймен және Батыспен жақындасуына қарсы. Ал Қазақстанның экономикалық өсімі 2015-2016 жылдары -1.0-1.2% болды. Екі тарап - Ресей мен Қазақстан біресе сүт өнімдерінің, біресе ет өнімдерінің саудасын, біресе көлік тасымал қатынасын өз ара шектеді. Бұл қайшылықтар маған түсініксіз. Қытаймен арақатынас мәз емес: Қытайдың Шыңжандағы қазақты жаншу саясатын қалай түсіндіреміз?

Бірақ Тоқаев Қазақстанға демократиялық еркіндік беремін, мейлінше қайта құру жасаймын дейді. Бұл дұрыс ниет делік, басқа жағдайда экономика мен бизнес қозғалмайды. Бұл жағдайды Тоқаев менен артық білетін сияқты. Бірақ Тоқаевтың дербес саяси курсын Нұрекең қолдамай, тіпті қарсы болуы ықтимал. Тіпті кері тартпа элита мен истеблишмент Тоқаевтың реформаларына қарсы болар. Ал Тоқаевтың өзінің маңайына құқықтық саяси, экономикалық реформаторлардың топтасқанын байқамадым.

Тоқаевтың дербес саяси курсы өз кадрларын тағайындауды керек етеді. Сол кадрлар тағайындалып жатыр ма екен? Мүмкін Тоқаев авторитарлық саяси модернизация жасамақ: маған бұл айқын емес, бұлыңғыр. Тоқаев технократ емес екен. Мүмкін Тоқаевта авторитарлық саяси және құқықтық өзгерістерге бару және сол проектіні жүзеге асыру нақты жоспары мен ресурстары бар шығар. Тоқаев қазақ тілін қолдау саясатын қолға алмақ. Қазақ тілін қолдау саясаты саяси технологиялық люстрациялық желеу мен құрал бола алады. Ұлттық популизм орысшыл және коммунисшіл ескі элитаны шеттетуге таптырмас құрал болуы ықтимал.

Сонымен Путин Тоқаевтың Қытай мен АҚШ-пен жақындасуына қарсы. Путин Тоқаевтың қазақ тілін қолдауына да қарсы. Путиннің Украинамен соғысу себебі мен сылтауы "орыс тілінің шектелуі". Қазақстанның екі облысында қазақ үлесі тым төмен: Солтүстік Қазақстан облысында (31%) мен Қостанай облысында (36%), ал Петропавл мен Қостанай қалаларында -20%. Сондықтан сепаратизм қаупі жоқ емес. 

Қазақ қауымы Қазақстанның Қытаймен жақындасқанын қаламайды екен. Бұл бұқаралық психологиялық фактор қазақтың үрейін ұшырады. Бүгінде қазақ өз елінде 70% жетті. Бұл 1920-1926 жылдардан бері болмаған жағдай. Қазақстанның егемендік статусы, әскері бар,  Ресейдің бізге шабуыл жасау ықтималдығы төмен. Ресей екі соғыс өткерді. Украина мен Сириядағы соғыстарда пәлендей нәтижеге жеткен жоқ, есесіне Батыс елдерінің санкцияларына ұшырады. Ресейге жаңа технологиялар да келмейтін болды.

Сонымен Тоқаевқа шегінуге жол жоқ. Әрине Ұлттық қор қаржысын құрылыс секторы мен жол инфрақұрылымына жұмсай беру саясаты ұзаққа апармайды, егерде ішкі және сыртқы инвестициялар уақытылы жұмыс жасамаса. Бизнеске жағдай жасау үшін құқықтық саяси реформалар жасау керек. Ондай реформаларға саяси жігер мен команда керек. Саяси люстрация жасамаса, яғни ескі элита мен истеблишментті қумаса реформа паллиативке айналады, яғни жалған және бос әрекетке айналады.

Тоқаевтың дербес саяси партиясы, тіпті жүз мыңдаған жақтастары болмаса істің бәрі бос. Қалай болғанда да Тоқаевтың ниеті дұрыс, ол  полиглот- бірнеше әлем тілдерінің білгірі, интеллектуал деп айтуға келетін тұлға. Тоқаев - коррупционер дегенді естімеппін. Тоқаев реформаларының сәтті болуына кепілдік бар ма? Бұл сұраққа жауап бере алмаспын», - деді ол өз сөзінде.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары