Алматыда келесі жылдан бастап электр энергиясының бағасы қымбаттауы мүмкін деп жазады Almaty.tv. «АлматыЭнергоСбыт» мекемесі жарықтың бағасын көтеруге 26 қарашада Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау басқармасына ұсыныс қалдырған. Егер тапсырыстағы көрсетілген баға негізді болса, жарық 6,3 пайызға қымбаттамақ. Демек 15,51 теңгеден 16,40 теңгеге көтеріледі деген сөз. Бұл электр энергиясын өндіруші және тасымалдаушы компаниялардың да бағаны өсіруімен байланысты. Алайда аталған өзгерістер тек бір айдан соң күшіне енеді.
"Бағаны өсіруге берген ең бірінші тапсырысы 6,3 % болатын. Әлі қаралу барысында. Біз есептеулердің барлығын толық қараймыз. Солардың бәрін қарап болғаннан кейін шешім 25 желтоқсан күні шығарылады",- деді Алматы қаласы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің бөлім басшысы Ардақ ЖАҢАБАЕВА.
Қызу талқылауға түскен қоғамдық тыңдауда көпшілік онсызда қымбатшылық заманда бағаны бір қалыпта ұстап тұруды сұрады. Ал, энергия көзін таратушылар егер бағаны көтермесе, шығынға шаш етектен батамыз дейді. Өйткені түбіртек басып шығаратын «Алсеко» және «Қазпоштаның» да қызметі қымбаттап кеткен. Әрі оның ішінде жұмысшылардың еңбекақысын көтеру керектігі тағы бар. Тіпті қарызы бар тұрғындардың кесірінен «АлматыЭнергоСбыт» шығынды жабу үшін екінші деңгейлі банктерден 2,5 миллиард теңге көлемінде несие алуға мәжбүр болған.