Атырау облысында перзентхана орталығының басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінген. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолла мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Гиппократтың антына адал болуды уәде еткен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камераға салып өлтірді деген күдікке ілінді. Тексеру нәтижесінде анықталғанындай, жаңа туған бала қателіктің салдарынан құжат бойынша өлі туғандардың қатарына енгізіліп кеткен. Шынтуайтында ол тірі болған. Баланың тірі екенін білгеннен кейін дәрігерлер оңалту амалдары бойынша шұғыл шараларды қабылдаудың орнына ресімделген құжат бойынша, сәбиді шетінеп кеткенше сол жерде қалдырған. Дәрігердің әрекетінің бір себебі – толтырылып қойған құжат. Ол түзетілмеген», - деді Шыңғыс Қабдолла елордадағы брифингте.
Перзентханаға бірден келген жедел тергеу тобы аталған оқиғаның мән-жайын анықтаған.
«Шақалақтың денесі тоңазытқыш камерасынан табылды. Уақыт бойынша үлгере алмай қалдық. Сот санкциясымен күдіктілер тұтқынға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - деді ол.
Перзентхана орталығының басшысы мен әйелді босандырған акушер-гинекологтың үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Әу баста аталмыш факт бойынша ҚР ҚК 317-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілген. Алайда істің мән-жайы анықталғаннан кейін аталған екі адамға тағылған айып ҚР ҚК 99-бабына (қасақана кісі өлтіру) өзгертілген.
Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, мұндай шешімге Атырау облысында перзентхана орталығының басшысы мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілінуі себеп болған. Сондай-ақ, аталмыш перзентхана орталығының қызметкерлерінің жемқорлыққа байланысты қылмыстық іске қатысты болуы да ықпал еткен.
«Атырау облыстық перзентхана орталығы облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарайды. Осыған байланысты министр (Біртанов-авт.) мұндай жағдайлардың тіркелгенін естіп кеше Атырау облысының Денсаулық сақтау басқармасының басшысын жұмыстан шығаруды ұсынды. Басқарма басшысы өз еркімен жұмыстан кететінін айтты. Бұдан бұрын айтқанымдай, бас дәрігерлерді тағайындау немесе оларды алып тастау – жергілікті атқарушы органдардың құзіретіне жатады», - деді ол елордада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен брифинг барысында.
Сонымен бірге, вице-министр шетінеген нәрестенің ата-анасынан кешірім сұрады.
«Мен қайғы жамылған отбасыға көңіл айтып, кешірім сұраймын. Алайда, қасақана кісі өлтіру фактісін жүргізіліп жатқан тергеу анықтайды», - деді ол.