Бағдадта cоңғы үш күндегі шеру кезінде 65 адам өлді. Reuters-тің хабарлауынша, шеруге шыққандарға снайпер қолданылған. Наразылар биліктегі жемқорлықты жоюды, тұрғындарды таза сумен, қажетті электр энергиясымен қамтамасыз етуді талап етеді.
Ирак премьер-министр Әділ Абдул Маһди 4 қазанда тұрғындарды сабырға шақырып, реформа жүргізуге уәде берді. Ирактағы ықпалды саясаткерлердің бірі билікті айыптай сөйлеп, шеруге шыққандарды тыңдауға шақырды.
Халықаралық ақпарат агенттіктері полицияның шеруге шыққандарға қару қолданылғанын жазды. Reuters тілшісі бір адамның басына оқ тигенін көрген. Кейінірек дәрігерлер оның ауруханада өлгенін хабарлаған. Бағдадта жұма күні атыс түнге дейін жалғасқан.
Соңғы ақпараттарға қарағанда, наразылық өршіп барады. Ирактың шииттер шоғырланған оңтүстігіндегі наразылық акциялары өзге провинцияларға тез тарап жатыр.
Дереккөз: Азаттық