Қарағандыда ақын Қасым Аманжоловтың шығармашылығына арналған «Дүниеге келер әлі талай Қасым» атты республикалық ақындар байқауы өтті. Байқау Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.
Өткен жылдан бастап байқау республикалық деңгейде өткізіліп келе жатыр. Бұл жолы бақ сынау үшін Қазақстанның түпкір-түпкірінен 42 адам өтінім берді. Қазылар алқасы 7 өңірдің 15 үздік үміткерін таңдады.
Қатысушылардың жасы 18-ден 40-қа дейінгі аралықта. Олар Қасым Аманжоловқа, Әбіш Кекілбаевқа арнаулар және еркін тақырыптағы туынды секілді үш тақырыпта өлеңдерін ұсынулары тиіс болатын. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Алматы облысынан Мұхтар Күмісбек иеленді. Оған 500 000 теңгеге сертификат табыс етілді.
Қазылар алқасы бірінші орынды Балқаш қаласының ақыны Мақат Күземханға тағайындады. Екінші орынды Нұр-Сұлтаннан келген Ұларбек Нұрғалым және Жамбыл облысынан Табиғат Абаилдаев бөлісті. Үшінші орынды Теміртаудан келген Таңсауле Еркін, Нұр-Сұлтаннан келген Олжас Қасым және Қарағандылық Еркін Нарын иеленді. Байқаудың жеңімпазы мен лауреаттары дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Дүниеге келер әлі қалай Қасым» поэтикалық байқауы 2009 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде оған 300-ге жуық адам қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқаудың мақсаты – жастар арасында Қасым Аманжоловтың әдеби мұрасын насихаттау, поэзиядағы жаңа есімдерді анықтау, олардың шығармашылығын қолдау, тәуелсіз елдің жетістіктерін, оның тарихи өткенін және жарқын болашағын дәріптеу.