07.10.2019, 16:25

«Жүз пайыз дайын»: ШҚО әкімі Даниал Ахметов қыста өзектігі артатын жол мәселесін сынға алды

Әуелі басқарма басшысы Нұржан Жұмаділов облыстағы қажетті тұстарға қар тосқауылдайтын шарбақтар мен уақытша жол белгілері қойылып жатқанын, күрегі бар техникалардың сақадай сай тұрғанын баяндап шықты.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтың төрағалығымен өткен кеңейтілген аппарат отырысында Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қыс мезгіліне дайындығы баяндалды. Бораны толас таппайтын Байбура өткелінің жайы айтылды, деп хабарлайды Altaynews.kz.

Әуелі басқарма басшысы Нұржан Жұмаділов облыстағы қажетті тұстарға қар тосқауылдайтын шарбақтар мен уақытша жол белгілері қойылып жатқанын, күрегі бар техникалардың сақадай сай тұрғанын баяндап шықты.

Десе де, Байбурада жолаушылардың қалып қоюы неге жылда қайталана беретінін, көліктерді онда жібермей ұстап қалу үшін не істеу керегін сұраған облыс әкімі Даниал Ахметовке, «Құтқарушылардың жолға шығу алгоритмі бар. Сол мүлтіксіз атқарылуы керек» деп жауап берді "ОблШығысЖол" мекемесінің өкілі Олжас Ахметов.  Бұл жауапты Нұржан Жұмаділов те қостап қойды.

«Сексен пайыз дайын», «жүз пайыз дайын» деген есептерді жылда естимін. Бірақ неге Көкпекті мен Жарманың ортасындағы өткелдің мәселесі қыс түссе алдымыздан шыға береді? Көліктер ондап, елулеп жолда қалып қояды. Боран соғып тұрғанда өткелге көліктерді жібермей ұстап қалуға не кедергі? Неге жүргізушілерге жолға шығуға болмайтыны жайлы ескертпе кеш жетеді? Бұл кемшіліктер болмауы үшін не істеу керек? Бұған нақты жауап бере алмай тұрсыздар. Мүмкін радиобайланыс арқылы хабарлап тұру керек шығар. Әлде басқа оңтайлы жолы болар... 10 күн ішінде өздеріңіз атап өткен алгоритмді жетілдіріп, мәселені қалай шешуге болатыны туралы ұсыныс дайындап, маған алып келіңіздер», – деген облыс әкімі жауапты тұлғаларға тапсырма берді.

Айта кетейік, өткен қыста тап сол өткелде қалған 20 жеңіл мәшине мен 15 жүк көлігіне (60 адам) Көкпекті ауылының тұрғындары Жарбол Алпысбаев пен Әлішер Батыров тамақ, шәй жеткізіп берген еді.