Алматы облысында 15 жастағы кәмелет толмаған қыз танысының көлігін ұрлап кеткен. бұл жайлы holanews.kz хабарлайды.
Полиция «Lexus RX-300» көлігін қала сыртынан тауып алып, иесіне қайтарды.
Талдықорған қалалық полиция басқармасына 6 қазан күні көлік ұрланғаны туралы ақпарат келіп түскен. Жәбірленушінің көлігін қала моншаларының бірінің ауласынан ұрлап кеткен.
Тәртіп сақшылары көшелердегі бейнекамералар арқылы автокөліктің жүрген бағытын анықтап, қаланың шыға берісінде тосқауыл қойған.
«Көлік «Талдықорған-Үштөбе» бағытында табылды. Жасөспірім құрбысымен көлікті тастап, такси ұстап қайтпақ болған», - делінген хабарламада.
15 жастағы колледж студенті көлік иесінің танысы болып шықты. Ұрланған көлік иесіне қайтарылып, аталған факті бойынша ҚР ҚК 200-бабы, 1-бөлігі бойынша сот алды тергеу басталды.