Батыс Қазақстан облысында далалық жер мен орман отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өрт Орал мен қала маңындағы Теректі және Бәйтерек аудандарында болып жатыр.
Бүгін сағат 12.33-те қалаға қарасты Желаев кентінде құрғақ шөп пен орман жанып, ол Теректі ауданы Әйтиев ауылына қарай ауысқаны жөнінде хабар түскен. Бәйтерек ауданы Жайық-2 ауылында да осындай жағдай қалыптасқан. Шамамен 15 гектардай жер өртенген.
Сондай-ақ Бәйтерек ауданы «Яик-2» бау-бақша серіктестігінде адам тұрмайтын 10 саяжай үйі жанып кеткен. Алдын ала мәлімет бойынша осы серіктестіктен 11 адам эвакуацияланды.
Оқиға орнына ТЖ департаментінен 103 қызметкер, 13 техника, полиция департаментінен 32 қызметкер, 5 техника, орман шаруашылығы мекемесінен 20 қызметкер, 3 техника, ерікті өрт сөндіру жасақтарынан 30 қызметкер, 5 техника, «Қазақстан темір жолынан» өрт сөндіру пойызы мен 6 қызметкер барды.
Өрт әлі сөндірілген жоқ. Оған желдің күшті болуы да әсер етуде.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі нақтылап, өрт сөндіруге 75 қызметкердің қатысып жатқанын жеткізді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғын үй өртеніп, 45 адам эвакуацияланғанын жазған болатынбыз.