08.10.2019, 09:45

Құжатсыз, заңсыз қарақұйрық атқандар ұсталды

фото: facebook.com
Аңшылардың аң аулауға рұқсат етілген құжаттары болмаған.

Жамбыл облысының полицейлері Қызыл кітапқа енгізілген жануарларды аулаған браконьерлерді ұстады. Бұл туралы облыстық полиция департаменті басшысы Арман Оразалиев Facebook желісіндегі парақшасында жазды, - деп хабарлайды Тengrinews.kz. 

 «Биыл 6 қазанда түнгі уақытта Байзақ ауданының төрт тұрғыны «Нартай» құмды алқабында Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар түрі - қарақұйрықтарды заңсыз атқан. Браконьерлердің «Тойота» маркалы автокөлігінен полиция қызметкерлері жануарлардың тушаларын тапты. Екі қарақұйрық - тіркелген қос ұңғылы аңшы мылтығымен өлтірілген. Алайда, аңшылардың аң аулауға рұқсат етілген құжаттары болмаған», - делінген хабарламада.  

Осы дерекке қатысты Байзақ аудандық полиция бөлімімен Қылмыстық кодекстің 337-бабы 1-бөлімі бойынша (жарылғыш құрылғыларды немесе жануарларды жаппай қырып-жоятын өзге де құралдарды қолдана отырып заңсыз аң аулау) сотқа дейінгі тергеу шараларын бастады.  Күдіктілер ұсталып, аңшы мылтығы тәркіленді.