$ 498.34  519.72  4.85

«ЛРТ салып не керегі бар?»: Тоқаев жеңіл рельсті көлік құрылысының аяқталу күнін нақтылауды тапсырды

«Үкімет пен әкімдік шегінерге жол жоқ деп отырған соң, іске асыру керек. Халықаралық міндеттемелеріміз де бар. Амал жоқ. Бұл мәселені шешейік», - деді ол.
Фото: inform.kz
Фото: inform.kz

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен елорда әкімдігіне ЛРТ құрылысының бірінші кезегі қашан аяқталатынын анықтауды тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Президенттің айтуынша, үкімет пен әкімдік "даулы жобаны" іске қосуға бел буған. Себебі басқа амал жоқ деп отыр.

"Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тергеуді жандандыруды тапсырамын. Жоғарғы жақты ғана тексермеу керек. Олардың қашуды алдын ала жоспарлағаны түсінікті. Әкімдік басшысын атап айтуға болады. Бір кездері шешім қабылданды ғой, демек олар құжатқа қол қойған шығар. Бұл тек бір адамға ғана жүктелген жұмыс емес. Қанша жерден ЛРТ компаниясының басшысы болса да, шешімді әкімдік қабылдады ғой. Тереңірек үңіліңдер", - деді Тоқаев астананы одан әрі дамыту туралы жиында.

Мемлекет басшысы ЛРТ құрылысы экономикалық жағынан мүлдем түсініксіз екенін тағы бір мәрте атап өтті.

"Үкімет пен әкімдік шегінерге жол жоқ деп отырған соң, іске асыру керек. Халықаралық міндеттемелеріміз де бар. Амал жоқ. Бұл мәселені шешейік", - деді ол.

Осы орайда Тоқаев жеңіл рельсті көліктің ұзындығын сынап тастады.

"ЛРТ ұзындығы – 22,5 шақырым, 18 станса жоспарланған. Сіздер марафонның өзінде 22 шақырымнан артық жүгіресіздер. Онда ЛРТ салып не керегі бар? Бір стансадан екіншісіне дейін бір шақырымнан сәл ғана асады. Біз жаяу серуендегенде бұдан көп жүреміз. Осындай жобаның қалай жүзеге асырыла бастағанын мүлдем түсінбеймін", - деді президент.

Мемлекет басшысы үкімет пен әкімдікке құрылысты жандандыру мен алғашқы кезеңін аяқтаудың нақты мерзімін, сондай-ақ, екінші кезеңнің кестесі мен тетіктерін анықтауды тапсырды.

"Астана LRT" жобасы төңірегіндегі дау

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін де "Астана LRT" жобасын сынға алған болатын. Президенттің айтуынша, жоба тиімсіз болса, оған үнемі субсидия бөліп, бюджет қаржысын жұмсауға тура келеді.

Бастапқыда LRT жобасының құны 1,8 миллиард доллар болған еді. Қытайдың даму банкінен қарыз алған жағдайда, үкімет 2,6 миллиард доллар қайтаруы тиіс болатын. Алайда мемлекет шетелдік қарыздан бас тартты. Жеңіл рельсті көлік құрылысын аяқтауға қажет қаражатты "Халық банк" беретін болды.

Ал "Астана LRT" ЖШС-ның бұрынғы басқарма төрағасы шетелге компаниядағы жымқыру фактілері анықталғанға дейін қашып кеткен. Қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікке ілінген Талғат Арданға қатысты тергеу 2018 жылдың жазында бір-ақ басталды.

Қазір Талғат Арданға халықаралық іздеу жарияланды. Ол елордадағы жеңіл рельсті көліктің құрылысы кезінде бюджет қаражатын жымқырды деп айыпталып отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары