Полицейлер жас келіншекті құтқарып қалды, деп хабарлайды қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Elitar.kz.
«102» қызметіне «Манхэттен» тұрғын үй кешенінің тұрғындарынан хабарлама түскен. Олар 20-қабатта дәліздегі балконнан аяғын сыртқа салбыратып отырған әйел туралы айтқан. Көрсетілген мекенжайға дереу Буран-080 патрульдік тобы аттанған. Оқиға орнына жеткен полицейлер ақпараттың растығына көз жеткізіп, ғимараттың 20-қабатына көтерілген. Олар келіншекке ақырын жақындаған. Жас ананың қасында арбада кішкентай сәби жатқан. Полицейлер келгенге дейін оның көршілері келіншектің назарын өзге нәрсеге аудармақ болып, мұндай қадамға бармауын өтінген.
Полицейлер әйелмен тілдескісі келген, алайда, ол үнсіз отырған, тек жылай берген. Тәртіп сақшылары жылдам қимылдап әйелді балконнан түсіріп алады.
Келіншектің жасы – 26-да, тұрмысқа шыққан. Алты айлық баласы бар. Күйеуі басқа қалада жұмыс істейтін болып шықты. Онымен психолог жұмыс істеуде.
Полицейлер жас ананың мұндай әрекетке баруына не себеп болғанын анықтап жатыр.