$ 449.58  486.94  4.86

Министрдің сөзін тыңдамаған студенттер жиынның соңын күтпестен орындарынан тұрып кетті (ВИДЕО)

Негізгі мамандығын мемлекет есебінен бітіріп резидентураға ақылы түрде тапсырып қойғандар министрмен келіспей, істі сотқа дейін жеткізетінін айтты.

Елжан Біртановтың қызметтен кетуін талап еткен студенттердің мәселесі одан сайын ушыға түсті, деп хабарлайды КТК.

«Денсаулық сақтау министрі Алматыға арнайы келіп, өзіне қарсы бейнеролик түсіргендермен бетпе-бет кездескен болатын. Алайда, мемлекет есебінен оқыған қыз-жігіттер ауылға баруға міндетті деген министрдің сөзі студенттерге жақпай қалды. Өзінікін дұрыс деп есептейтін шәкірттер министр шақырған жиыннан жанжалмен шығып кетті», - дейді телеарна тілшісі.

Елжан Біртанов, Денсаулық сақтау министрі:

«Сіздер институтты жалпы тәжірибелік дәрігер дипломымен бітіретіндеріңізді білдіңіздер. Дәрігер боп жұмыс істеуге дайын болдыңыздар. Сіздерге ешкім резидентураға автоматты түрде түсесіздер деп уәде берген жоқ. Сондықтан оқу ақысын өтеуге міндеттісіздер. Резидентураға түспес бұрын маман тапшы өңірлерге барып еңбек етуге тиіссіздер. Дәрігерлерді тегін оқытып, өз бетімен қоя беретіндей мемлекеттің қаржысы тасып жатқан жоқ».

Министрмен кездесуге бейнероликке түскендердің бірі қалмай келген. Болашақ әріптестерінің қарсылығын тағы бір тыңдап алған Біртанов оларға резидентураның өзгерген тәртіптерін түсіндірді. Яғни мемлекеттік грантқа түскен студенттер интернатурадан кейін міндетті түрде ауылдық емханаларда үш жыл еңбектенуі тиіс. Биыл тіпті, ондай жастарға баспана беру мәселесі де шешіліпті.

Елжан Біртановтың айтуынша, тегін оқуға түскендер бұл талапты о баста білген. Министрдің қызметтен кетуін талап еткендерге Біртановтың берген жауабы ұнамай қалды. Ауылдық стационарларға барып жұмыс істегісі жоқ жастар жиынның соңын күтпестен орнынан тұрып кетті. Негізгі мамандығын мемлекет есебінен бітіріп резидентураға ақылы түрде тапсырып қойғандар министрмен келіспей, істі сотқа дейін жеткізетінін айтты.

Дарын Ибрагимов, студент:

«Біздің әрі қарайғы мақсатымыз – егер университеттен қуып шықса, әрі қарай соттасамыз. Сотқа барамыз. Біртанов мырза, біз сізбен аяғына дейін күресеміз. Құқықтарымызды бұздыңыз. Егер Біртанов қызметінен кетсе, мынадай заң бұзушылық болмайды».
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары