$ 494.87  520.65  4.91

АҚШ Шыңжаң мәселесін көтеруді тоқтатпайды

Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы ақпарат 2017 жылы көктемінде шыға бастаған.

9 қазанда АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео америкалық PBS телеарнасының эфирінде "Қытайдың Шыңжаңдағы ұйғырлар мен мұсылмандарды қудалауын адам құқығын өрескел бұзу" деп мәлімдеді. Бұл туралы Reuters ақпарат агенттігі хабарлады.

Помпеоның сөзінше, Вашингтон Шыңжаң мәселесін көтеруді тоқтатпайды. АҚШ мемлекеттік хатшысы журналистің "Шыңжаңдағы жағдайға Қытай басшысы Си Цзиньпин жауапты ма?" деген сауалына: "Си Цзиньпин елді танк бөлімшесінің басшысы сияқты басқарып отыр. Елдегі шағын бизнес немесе елде болып жатқан барлық жағдай оның атымен байланысты" деп жауап берді.

7 қазанда АҚШ "Шыңжаңдағы ұйғырлар, қазақтар және басқа да мұсылмандарға қысым жасауға атсалысқан" Қытайдың 28 компаниясына санкция салған. Олардың арасында Қытайдың 20 қоғамдық қауіпсіздік бюросы, видео бақылау жүргізетін Hikvision фирмасы, адам жүзін анықтау құрылғыларын дайындайтын Sense Time және Megvii Technology компаниялары бар.

Бұдан бөлек, АҚШ мемлекеттік департаменті “Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де аз ұлт өкілдерінің қысымға қатысы бар" Қытай билігінің өкілдеріне, олардың отбасыларына визалық шектеу қойды. Қытай сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Гэн Шуан 8 қазанда Пекинде брифинг өткізіп, АҚШ-тан жедел түрде өз қатесін түзеп, шығарған шешімдерін қайта өзгертуді сұраған.

"Соңғы уақытта АҚШ дін мен адам құқығын желеу етіп, Қытайдың саясатына араласып, шабуылдап жатыр. Қате әрі фактілерге қайшы деректер айтады" деді Шуан.

Ал 8 қазанда Қытайдың АҚШ-тағы елшілігі Вашингтонның Қытай шенеуніктеріне виза беруге шектеу қойғанын сынаған. Елшілік "АҚШ Қытайдың ісіне араласу үшін адам құқығы бұзылып жатқанын сылтау етіп отыр" деп мәлімдеген.

Шыңжаңдағы қазақтар мен ұйғырлардың қысым көріп, лагерьге қамалып жатқаны туралы ақпарат 2017 жылы көктемінде шыға бастаған. Өткен жылы БҰҰ Шыңжаңда миллионға жуық этникалық ұйғыр мен өзге де түркітілдес ұлт өкілдерін Қытайдың солтүстік-батысындағы "саяси тәрбие лагерьлерінде" ұстап отырғаны туралы мәлімдеген. Басында мұндай ақпаратты терістеген. Пекин кейін оны "экстремизмге қарсы шара" деп түсіндірген және саяси лагерлерді "тіл үйреніп, кәсіпке баулитын орталықтар" деп атаған.

Дереккөз: Азаттық

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#АҚШ