11.10.2019, 10:55

Жұмыстан босау туралы өтініш жазған 31 қызметкер Президентке хат жолдады

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іс сотқа жетпей жатып БАҚ-та ақпарат таратты. Сол арқылы олар перинаталды орталықтың дәрігерлерін қылмыскерге теңеді.

Атырау перинаталдық орталығының жұмыстан босау туралы өтініш жазған қызметкерлері Президентке хат жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі іс сотқа жетпей жатып БАҚ-та ақпарат таратты. Сол арқылы олар перинаталды орталықтың дәрігерлерін қылмыскерге теңеді. Дәрігерлер мен халық арасындағы жағдай шиеленісе түсті. Біз әріптестерімізді ақтамаймыз, олардың кінәсін тиісті органдар анықтайды. Бізді алаңдатқан жағдай – тексеру аяқталмай жатып адамдардың дәрігерлерді талқыға салып, бәрімізді қылмыскерге санағаны. Мұндай жағдайда өз міндетімізді толыққанды атқара алмаймыз, сондықтан жұмыстан кетуге мәжбүрміз», - делінген хатта. 

Еске салайық, өткен аптада Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жаңа туған сәбидің өліміне, сондай-ақ, жемқорлық қылмыстар бойынша күдікті Атырау облыстық перзентханасының бас дәрігеріне қатысты істің мән-жайын баяндады. 

Сенбі күні Атырау облысына ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі бастаған республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары келді. Олар облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне көмек көрсетеді. 

Ал дүйсенбіде перинаталдық орталықтың 31 қызметкері жұмыстан кету туралы өтініш жазғаны белгілі болды.