Қазақстанның қаржы министрінің орынбасары Берік Шолпанқұлов ведомствоның елордада жерүсті метросы құрылысының жобасының экономикалық негіздемесін бекітпегенін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Вице-министр сенат кулуарында журналистердің LRT құрылысы жобасының экономикалық негіздемесінің бекітілуіне қатысты сұрағына жауап берді.
«Қаржы министрлігі LRT құрылысы бойынша экономикалық негіздемені бекіткен жоқ. Заңнама талаптарына сәйкес, оны әкімшінің өзі бекітеді», - дейді Берік Шолпанқұлов.
Осы ретте журналистер: «Бұл қаржы министрлігінің жобаның қаржылық есебіне мүлдем қатыспағанын аңғарта ма?» - деп сұрады. Бұл сұраққа вице-министр «жоқ» деп жауап берді.
Айта кетсек, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Нұр-Сұлтан қаласында LRT жеңіл рельсті жүйесін салу туралы істің егжей-тегжейін ашқан еді. Қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тергеу жүргізіп жатыр.