Солтүстік Қазақстанда жөнделуіне 600 млн теңге бөлінген асфальттің беті алты айға да шыдамады. Алты ай емес, тіпті, бір айдың ішінде жолдың беті қақ айырылып, әр жерінен шұрық-тесіктер көбейген, деп хабарлайды Stan.kz - Informburo.kz бағдарламасына сілтеме жасап.
Қазір асфальттің тасы үгітіліп, қиыршық тастары бетіне шығып кеткен.
«Жөндеу жұмыстары өте сапасыз жүргізілгеннен болар. Бірнеше күннің ішінде асфальт жердің астына кіріп кетті», - дейді жүргізуші Александр Орлов.
Сондай-ақ, асфальт жабындысының ені - 2,5 сантиметр болғаны анықталды. Негізінде 5 см болуы тиіс. Жол сапасын тексерген мамандар бірнеше жерінен қателік тауып, ол жолдар жарамсыз деген ұйғарымға келді. Осының салдарынан асфальт қақ айырылып, әр 100 метр сайын тесіліп жатыр. Бірақ мердігерлер мұны жүк таситын көліктерден көреді.
«Барлық қателіктерді дұрыстаймыз. Көбі асфальттың негізіне байланысты. Оның барлығын алып тастап, қайта жасаймыз. Асфальттың іргетасын жасап жатқан кезде жүк көліктері өтіп жатты, мүжіп тастады. Сол себепті қалыңдығы кей жерлерде 3 см, кей жерлерде 6 см», - деді мердігер компания өкілі Гарик Мелканян. Осылайша мердігер компания жөндеу жұмыстарын 20 күннің ішінде аяқтауға уәде берді.