Қостанай облысында ауылдық Мәдениет үйінен өрт шықты. Алдын ала мәлімет бойынша, жалын пиротехникалық заттарды қолдануда қауіпсіздік сақтамаудан тұтанған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«12 қазан күні сағат 22:18-де өртке қарсы қызметтің пультіне Қостанай облысының Қарабалық ауданындағы Қарабалық кентінде Мәдениет үйі өртеніп жатқаны туралы хабарлама түсті. Алғашқы құтқарушылар жеткен уақытта шатырдағы жылыту материалдары бықсып жатқаны, салдарынан ғимараттың шатырында жалын тұтанғаны анықталды. Өрттің таралуы 02:12-де тоқтатылып, сағат 05:06-да толығымен сөндірілді. Жалын шарпыған аумақ 700 шаршы метрді құрады. Оқиғаның алдына ала себебі - пиротехникалық бұйымдарды қолдануда қауіпсіздікті сақтамау», - деп мәлім етті ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.
Тілсіз жауды ауыздықтауға облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жеке құрамынан 30 адам мен 8 көлік жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері Мәдениет үйінің аумағын қоршауға алған.