«Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы» Басқарма Төрағасы А.Әбибуллаев Эр-Рияд қаласында Бүкіләлемдік мұсылман лигасының Бас хатшысы Мұхаммад бен Абдукарим әл-Иссамен кездесті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Кездесу барысында Бүкіләлемдік мұсылман лигасының Басшысы ҚР-ның конфессиялық және ұлттық тұрғыдан көптүрлі бірегей мемлекет екендігін тілге тиек етті. Елбасы Н.Назарбаевтың Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін шақыру бастамасына ерекше алғысын білдіре отырып:
«Қазақстанның Тұңғыш Президенті ядролық қарусыздандырудың жаһандық үрдісіне ауқымды үлес қосты. Әлемдік деңгейдегі саясаткер ретінде Н.Назарбаев барлық діндердің өкілдері, қоғамдық ұйымдар және саяси қайраткерлер бас қосатын Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезін шақырту бастамашысы. Бұл жиын заманауи мәселелерді тиімді әрі жан-жақты шешуге ықпал ететін бірегей орын», – деді Мұхаммад бен Абдукарим әл-Исса.
Басқарма Төрағасы Бүкіләлемдік мұсылман лигасының басшысына әлемде дінаралық диалогты дамытуға қосқан үлесі мен ұйым өкілдерінің Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерлерінің барлық алты Съезінің және Хатшылықтың жұмысына тұрақты қатысқаны үшін алғыс білдірді.
Кездесу барысында екі жақтың өкілдері де дінаралық толеранттылық пен диалогты алға жылжытуға бағытталған жобаларды жүзеге асыру мақсатында өзге де халықаралық институттармен ынтымақтастық аясын кеңейтуге қатысты қызығушылықтарын білдірді. Өз кезегінде Орталық басшысы Бүкіләлемдік мұсылман лигасының басшысына Қазақстан Республикасы Парламент сенатының Төрағасы Д.Н.Назарбаеваның Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырту хатын табыстады.
Бүкіләлемдік мұсылман лигасы – 29 мемлекеттен ірі мұсылман қайраткерлерін біріктіретін ұйым. Оның құрамына әлемнің түкпір-түкпірінен 70-ке жуық танымал ислам ғалымдары мен қайраткерлері кіреді. Ұйымның штаб-пәтері Меккеде, бөлімшелері Медина, Эр-Рияд және Джидда қалаларында бар. Ұйымның қызметі әлемде ислам дінінің адамгершілік құндылықтарын насихаттауға, мұсылман елдері арасында диалог пен бірлікті орнатуға, қоғамның әлеуметтік қорғалмаған топтарына қайырымдылық көмек көрсетуге, сонымен қатар, мұсылмандарға қажетті ислами қоғамдық пікірді қалыптастыруға бағытталған.