16.10.2019, 10:35

Бетперде киген таксист жолаушыны «дымсыз» қалдырды

фото: nur.kz
Ақша керек болғаннан соң, жолда тоқтатқан адамды тонаймыз деген жымысқы ойлар келіп, соны іске асырады. Осылайша, күдіктілер жігіттің үйінен ұсталды.

Шымкент тұрғыны құрбысымен такси қызметін ұсынып, егде жастағы жолаушы әйелді тонаған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz, Түркістан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Төлеби аудандық ПБ-не жергілікті әйел арызданып келеді. Ол өз арызында таңғы сағат 08:30 шамасында дәрігерге тексеріліп шығып, ауруханадан үйіне қайтпақ болып жолдан өзіне маркасы, мемлекеттік нөмірі белгісіз таксиді тоқтатып, тоналып қалғанын жеткізеді.

Полицейлердің анықтауынша, жәбірленуші таксимен үйіне дейін баруға келіседі. Алайда, көлік біршама уақыттан соң, арызданушының айтқан мекен-жайына бармай, басқа жаққа бұрылып кетеді. Жәбірленуші қайда бара жатқанын сұрай бастайды. Алайда, көлік жүргізушісі дұрыс жауап бермейді. Ауруханадан шамамен 800 метр қашықтыққа барған сәтте, көлік жүргізушісі мен қасында жолаушы ретінде отырған қыз екеуі бетперде киіп, "бұл - тонау" деп жәбірленуші әйелді қорқыта бастайды. Осылайша, әйелдің құлағындағы алтын сырғасы мен жүзігін, қолындағы сөмкесін жымқырып алып, өзін жол бойынан түсіріп кетеді. 

Жәбірленушінің айтуынша, қол сөмкесінің ішінде алтын бұйымдары мен құны 80 000 теңгелік ұялы телефоны болған. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 300 000 теңгеден асқан. Осы дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 191-бабы "Тонау" бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізіледі. 

Орын алған тонау қылмысын ашу және күдіктілерді ұстау мақсатында Төлеби аудандық ПБ КПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер оқиға орнын тыңғылықты тексеріп, куәгерлерден сұрастырып, жақын аралықтағы бақылау камераларын көріп шықты. Нәтижесінде, бейнебақылау камералары арқылы күдіктілер басқарған көлікті тапты. Тәртіп сақшыларының анықтауынша, тонаушылар небары 25 жастағы қыз бен жігіт болып шыққан. 

Күдікті қыз - Төлеби ауданының, ал жігіт - Шымкент қаласының тұрғыны. Екеуі көлік жалдап, қыздың үй жағына қыдырып барып келе жатады. Ақша керек болған соң, жолда тоқтатқан адамды тонаймыз деген жымысқы ойлар келіп, соны іске асырады. Осылайша, күдіктілер жігіттің үйінен ұсталды. Жәбірленушіден алынған бағалы бұйымдар заңды иесіне қайтарылған. Олар өз кінәларын толық мойындап отыр. Күдіктілердің екеуі де қамауда. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.