16.10.2019, 15:35

46 бас жылқыны ұрлады деген күдікпен екі адам ұсталды: біреуі - Қорғаныс министрлігінің қызметкері

Қазір екі күдіктіні Ерейментау аудандық соты екі айға абақтыға жапты.

Жылқы ұрлығына Қорғаныс министрлігі қызметкерінің қатысы болуы мүмкін. Ақмолалық полицейлер Нұрсұлтан қаласы маңынан өлексесі табылған 46 бас жылқыны ұрлады деген күдікпен екі адамды ұстады, – деп хабарлайды КТК арнасы.

«Күдіктілер ұрланған жылқыны Аршалыдан елорданың Көктал шағын ауданына апаруға МАН жүк көлігіне артқан. Жан жағы бітеу көлікте мұншама мал шыдамаса керек, тұншығып өлген. Сасқанынан өлекселерді лақтырып кеткен», – дейді Ақмола облыстық ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Жанат Жылқыбаев.

Күдіктінің бірі 26 жастағы Целиноград ауданының тұрғыны да, екіншісі 41 жастағы министрлік қызметкері екен. Ол Қорғаныс министрлігінде дардай бөлім бастығы болған. Жылқы ұрлады деген күдікке іліккен қызметкер осыдан бір апта бұрын ғана министрліктен қуылыпты.

Елорда маңынан 28 бас жылқының өлексесі табылған еді. Малынан айырылған ерейментаулық кәсіпкердің арызы бойынша полиция тексерісі кезінде тағы 18 өлексе Қоянды ауылының маңынан табылды.

Қазір екі күдіктіні Ерейментау аудандық соты екі айға абақтыға жапты. Олардың 150 шақырым жерді еш кедергісіз өтуіне министрлік қызметкері беделін салса керек. Ол джип көлігімен алда жүріп отырған.