17.10.2019, 07:00

Енді еліміздегі букмекерлер бір жерге шоғырланады

Фото: 24.kz
Тиісті заң жобасы қазір Мәжілісте талқыланып жатыр.

Қазақстандық букмекерлер өз кәсіптері үшін алаңдаулы. Бәс тігетін бұл ойын түрін казиноға теңестіріп, арнайы ойын алаңына орналастыру қарастырылуда, деп хабарлайды «Хабар 24». 

Тиісті заң жобасы қазір Мәжілісте талқыланып жатыр. Букмекерлік кеңселер жыл соңына дейін Бурабай мен Қапшағайға көшірілуі мүмкін. Алайда, осы нарықта кәсібін жүргізіп отырғандар жаңа құжат мемлекет бюджетіне үлкен шығын әкеледі деген пікірде. Айтуларынша, ел қазынасы шамамен 20 миллиард теңге салықтан айырылады. Бұдан бөлек, 5 мыңнан аса адамның жұмыссыз қалу қаупі бар. Ал, спорт клубтары тұрақты демеушісінен айрылады. Букмекерлер бәс тігуді есепке алу орталығын құруға да қарсы. 

Мадин Айтуар, Қазақстанның букмекерлер қауымдастығының төрағасы: 

- Бұл компания жатыпішердің өзі болмақ. Ресейдегі тәжірибе көрсеткендей, өзгенің есебінен пайда табады. Ештеңе істемей-ақ, букмекерлерден үлес алып отырады. Мәселен, кейбір тұтынушылар компанияның өздері туралы мәлімет жинап, қандай оқиғаға, қай уақытта олардың бәс тігетінін біліп отырғанын қаламайды. Сондықтан оларға шетелдік сайттарға бәс тігу тиімді. Бұл қазақстандықтардың қаржысы өзге елге кетеді деген сөз.