$ 494.87  520.65  4.91

«Шөп жеп, лас су іштік»: Сириядан оралған 18 жастағы жігіт радикалды ағымның жетегінде кеткеніне өкінді (ВИДЕО)

«Әкеммен Сирияда 2,5 жылдай бірге өмір сүрдік. Ағам бұл жерге өлу үшін келгенін айтып, өзін соған толықтай дайындады. «Өлгенше соғысатын боламын» деген ұранмен өмір сүрді. Біз шешен жамағатының қарамағында болдық. Жетекшісі шешен ұлтының азаматы еді. Кейін менталитетіміз олармен үйлеспегендіктен, бізді қазақ жамағатына ауыстырды».

Амангелді Диас Маратұлы 2019 жылдың ақпан айында «Сирия демократиялық әскеріне» тұтқынға түсіп, 7 мамырда «Жусан-2» арнайы операциясы барысында елге қайтарылды, деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ол 09.06.2001 жылы ОҚО Қазығұрт ауданында туған, діни лақап аты - «Мұхаммад қазахи».

Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Сириядан оралған 18 жастағы жігіттің өкінген видеосын Youtube арнасына жариялады. 

Ол отбасы мүшелерімен 2015 жылғы 31 тамызда «Шымкент-Анталия» әуе бағытымен Түркия арқылы Сирия аумағына өтіп, «ДАИШ»  ХТҰ-ға қосылған. 

ҚР Қылмыстық Кодексінің 257-бабы 2-тармағымен (Террористік ұйымды құру, басшылық жасау және мүшелік ету) қозғалған қылмыстық іс аясында Интерпол бағыты бойынша халықаралық іздеуге түскен.

Түркістан облыстық сотының шешімімен 6 жыл бас бостандығынан айыруға жазаланды.

«Жасым 18-де. Мектепті аяқтамадым. Өйткені, 14 жасымда анам, әкем, 5 бауырыммен Сирияға кетіп қалдық. Үлкен ағам сол жақта 2016 жылы, әкем 2017 жылы шілдеде қайтыс болды. 1997 жылғы ағам, 1995 жылғы әпкем Астанада тергеліп жатыр. Екі інім, анашым үйде. Сирияға Түркия шекарасы арқылы түнде өттік. Әйелдер мен ерлерді бөліп, екі жатақханаға жіберді. Бізге Алла жолында өлу керектігін және қаруларды қалай қолдануға болатынын үйретті. 

Басында қорыққаннан аяқтарым жүрмей қалды. Автоматтың атылғанын алғаш естуім еді. 3 ай дайындықтан өттік. Мен келген кезде қазақтардың көбі қайтыс болған екен. Дайындықтан соң отбасымызбен қауышып, бір үйде тұрдық», - деп бастады ол әңгімесін. 

Диастың ағасы Астанаға барып, радикалды діни ұстанымды үйге алып келген екен. Кейін әкесін үгіттей бастаған.

«Басында әкем қарсы болған, соғысты қабылдай алмады. Бірақ, ағам сол жақтың адамдарымен сөйлестіріп, алып келген дін бойынша дәлелдер айтып көндірді. «Зелло» деп аталатын арнайы жол көрсететін адамдардың тобы бар екен. Олар бізді Сирияға өткізіп беретін болды. Алғашында әкем «ағаң екеуміз барамыз» деді. Бірақ, сол топтың жетекшісі Абдулсаид бұл жақта өмір бар екенін айтып, Халифат жерінен видеолар жолдады. Бізді «соғыс алыс жақта болады, Сирияның орталығында тұрасыңдар» деп сендірді», - дейді Диас. 

Әкесі мектепте орыс тілі пәнінің мұғалімі болған, бірақ, оқушылардың ешқайсысын бұл жолға тартпапты. Себебі, егер әкесі үгіт-насихат жүргізетін болса, ұсталу қаупі бар еді. Олардың елден кеткенін ешкім білмеген, өйткені, барлығын құпия сақтапты.

«Әкеммен Сирияда 2,5 жылдай бірге өмір сүрдік. Ағам бұл жерге өлу үшін келгенін айтып, өзін соған толықтай дайындады. «Өлгенше соғысатын боламын» деген ұранмен өмір сүрді. Біз шешен жамағатының қарамағында болдық. Жетекшісі шешен ұлтының азаматы еді. Кейін менталитетіміз олармен үйлеспегендіктен бізді қазақ жамағатына ауыстырды. 

Олардың басты уағызы - Алланың жолында өлу. Басында барған кезде олар маған лақап ат таңдап берді. Өз атымызды құжатқа жазып қойды, «Соғысасың ба?» деген сұрағына мен «жоқ» деп жауап бердім. Егер басқа ел болғанда «жоқ» дегенім үшін мені комитетке өткізіп жіберетін еді, елдің шпионы деп ойлап. Мені соғысқа қорғаныс шебімен аттандырды. Себебі, сол уақытта соғыстың қызып тұрған кезі болатын. Ағамның өлі денесін соғысты насихаттайтын, жетістіктерін жариялайтын Youtube арнасындағы «Сана» жаңалықтар агенттігінен көрдім. Сирияның ресми әскерінің қолынан қайтыс болды», - деп баяндады жас жігіт. 

Әкесі қайтыс болған соң, екі інісінің болашағына алаңдаған ол елге қайтудың амалын іздестіре бастапты. Айналасында болып жатқан оқиғалардан соң, көзі ашылып, отбасын қалай да аман алып кету жағын қарастырған.

«Мүмкіндік тауып, елдегі туысқандарыма алғашқы хатымды жолдадым. Біздің елге қайтуымызға көмек сұрадым. Елге қайту үшін «ИГИЛ» құрамынан шығуымыз керек болды. Бірақ, ол жерден оңайлықпен шығармайды. Енді «ИГИЛ»-де қызмет етпейтініңді білсе, сол Сирияның түрмесіне қамап тастайды. Үнсіз өз жоспарымызды құра бастадық. Бірақ, тізім бойынша мені таппаған соң, үйге басакөктеп, бетіне маска киген, қаруланған 10 шақты сарбаз кіріп келді. Мен басқа бөлмеге тығылып қалдым. Сол күні ағамды ұстап әкетті. Сирияның түрмесіне 4 ай қамалатыны туралы үкім шығарды. Бірақ, олар ағама талап қойды. «Інің бар екенін білеміз, егер соны бізге жіберсең, сені босатамыз, 4 күн уақыт береміз» деп айтыпты. Мен, амал жоқ, ағам үшін өзім арнайы жасақтар отырған жерге баруға шешім қабылдадым. Мен сол жерге жақындаған кезде соғыс басталып кетті. Біз артқа шегіндік. «Суса» деген ауылға келдім. Абзал ағам сол ауылдан елге қайтатын жолды біледі екен. Не болса да осы жолға ілесіп алу керек болды. Бірақ, ол жерге шет елдік азаматтарды алмайды екен, арнайы жасақтан қорқады екен. Түнде анашымды, Абзал, мен, екі інімді алып кету керек болды. Жол көрсететіндер әр адам басына 100 доллардан сұрады. Жейтін тамақ таппай, шөп жеп, лас су ішіп күнкөрдік», - деп мұңаяды Диас.

Сирияда әділеттік жоқ екенін, осындай күйге түскеніне, елден кеткеніне өкінетінін айтты.

«Екі інім әке-шешесіз қалды, мен түрмеде отырмын. Үлкен ағам мен әпкем тергеуде жатыр. Барлығымыздың өміріміз құрыды. Олардың бір-бір отбасылы болып отыратын уақыты еді ғой. Ағам теріс жолға кетпегенде, қазір барлығымыз бүтін, бақытты өмір сүретін едік. Басыма таяқ болып тиді. Радикалды бағыттың не екеніне анық көзім жетті», - деп Диас жан сырын ақтарды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары