Алматыда туризм саласында қызымен бірге алаяқтық жасаған әйел ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Полицейлердің айтуынша, 1972 жылы туған әйел 1992 жылғы қызымен бірге Алматыда туристік қызмет көрсету кәсібін қолға алады. Бірақ биыл қыстан бері клиенттерінен билет брондамай ақша ала бастаған.
«Клиенттер Египетте, БАӘ, Түркияда демалу үшін жарты ақшасын төлеген. «Альянс.Тур.К» турфирмасы олардан 300 мыңнан 1,5 миллионға дейін алдын ала ақша алған. Ол ақшаның бәрін өз қажетіне жұмсап жіберген де, уақыт созып жүре берген. 10-нан астам адам алданған. Қазір күдіктілер ұсталған. Алаяқтық бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр», - деп мәлімдеді Алматы қаласы Алмалы ауданының полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.