15.12.2015, 03:16

Ахметовтің қорғаушылары аппелляциялық шағым дайындап жатыр

Экс-премьер, бұрынғы Қорғаныс министрі Серік Ахметов пен ауыр жазамен келіспеген өзге де қарағандылық бұрынғы шенеуніктердің қорғаушылары жаппай кері шағым түсірмекші деп хабарлайды 31 арна.

Қорғаушылардың айтуынша, экс-премьердің тергеу барысында келтірген айғақтарын сот алқасы елемей қойған.

Он жылға бас бостандығынан ғана емес, бес жылға мемлекеттік қызметке араласу құқығынан және бар мүлкінен айыру. Бір жарым жыл тергеліп, бес ай сот тыңдалымына түскен бұрынғы премьердің ісіне осындай нүкте қойылды. Кінәсін мойындамағанына қарамастан, Серік Ахметов төрт бірдей бап бойынша кінәлі деп танылып, қолына сот залында кісен салынды.

Ал тергеу барысында Ахметовке миллиондары бар сөмкені үкімет үйіне дейін тасыдым деген Ғұмар Рақымжанов пен Әлжан Ақмолдаев қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сотталғандардың жақындарының жанына бататыны да сол.

Ал судья Исламхан Есенбаев 21 айыпкерге қатысты сот шешімін жарты сағатқа жеткізбей таныстырып үлгерді. Жұма күні тергеу абақтысына жеткізілген Серік Ахметовтың қорғаушылары қазір аппелляциялық шағым дайындап жатыр