$ 494.87  520.65  4.91

«Электронды поштаға танысыңнан келген хаттың өзін сақтықпен ашу керек» – мамандар (ВИДЕО)

Ақпараттық қауіпсіздік мамандығына қосымша гранттар бөлінгенімен, болашақ мамандарды дайындау деңгейі де мықтап қолға алатын мәселе.

Сандық технология дамыған сайын киберқауіпсіздіктің маңызы артуда. Бұған әлемде күн сайын болып жатқан түрлі компьютерлік шабуылдар дәлел. Еліміздегі маңызды мәліметтердің қорғаныс деңгейі қаншалықты? 

Биыл Қазақстан киберқауіпсіздік жөніндегі әлемдік индексте 40-орынды иеленді. Екі жыл бұрын бұл көрсеткіш 2 есе төмен болғанын ескерсек, киберкеңістіктегі өз шекарамызды қорғауда нәтижелі жұмыстар жасалып жатқанын байқауға болады.

 2017 жылы жасалған «Киберқалқан» тұжырымдамасы негізінде киберқорғаныс деңгейінің артқанын айта кету керек. 

 Асқар Құсаинов, телекоммуникациялық қызмет көрсету компаниясының бас директоры: 

«Біз банктермен тығыз жұмыс жасаймыз. Кибершабуылдар  өте көп болады. Олар банк жүйесіне еніп, ақпараттық базаны бұзуға әрекеттенеді. Мұның бәрін дер кезінде сәтті анықтадық. Демек, «Киберқалқан» жұмыс істеп тұр».

Дегенмен, сымсыз желілер дамып, ақылды құрылғылар көбейген сайын әккі хакерлердің қызығушылығы артпаса төмендемеген. Олар тек банк жүйелеріне ғана емес, мемлекеттік құрылымдардың мәлімет базасына ауыз сала бастаған. Сондықтан интернет әлемінде іргені бекіту үшін әлі талай мәселені шешу керек. 

Виктор Покусов, Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздік қауымдастығының төрағасы: 

«Ақпараттық қауіпсіздік туралы айтқанда бұл тек техникалық сипатты білдірмейді. Антивирус, файерволдар орнатса болды деп түсінбеу керек. Ең бірінші ұйымдастыру жұмыстарынан бастап, бүкіл процесті қауіпсіздікке бағыттау керек. Әсіресе отандық қауіпсіздік жобаларын жасап шығу керек. Мұнсыз біз ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ете алмаймыз». 

 Мәселенің бір ұшы маманға келіп тіреледі. Ақпараттық қауіпсіздік мамандығына қосымша гранттар бөлінгенімен, болашақ мамандарды дайындау деңгейі де мықтап қолға алатын мәселе. Сонымен қатар соңғы уақытта кибершабуылдың нысанына айналған жекеменшік компаниялар әлі де ғаламтордың «тосынсыйына» кеңдік танытып отыр.  

Асқар Құсаинов, телекоммуникациялық қызмет көрсету компаниясының бас директоры: 

 «Өкінішке орай, көп ұйым киберқауіпсіздікке мән бермейді. Кибершабуылмен бетпе-бет келмегендіктен түсіне бермейді. Шығынға батпас үшін алдын ала әрекет ету керек».

 Кешенді киберқорғанысты айтпағанның өзінде азаматтар электронды поштаға келген күдік тудыратын сілтемелерді ашпау керектігін біле бермейді. Тіпті, ол таныстарыңыздан келген болса да сақтық шарасын ұмытпаған абзал. 

Дереккөз: Хабар 24

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары