23.09.2019, 16:38

Аралдық оқушылар арасынан үш үздік анықталды

Тұңғыш президент, елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлт жоспары: Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында жүктелген негізгі міндеттерді жүзеге асыру мақсатында «Тұлпар мініп, ту алған!» атты республикалық ағарту жобасының аудандық кезеңі болды. Бұл додада Арал ауданынан Қобыланды батыр жырын жаттаған 400-ге жуық оқушы бақ сынады. Аталмыш жыр 132 беттен, яғни 5206 жолдан тұратын Марабай жырау нұсқасы болып табылады.

Балалар арасында кітап оқуды және қазақ халқының батырлық эпостарын насихатау, ұрпақтың санасына халқымыздан қалған игі дәстүрлерді сіңіру, балаларды қазақ поэзиясы мен рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке баулу, дарынды баланы анықтау, оған қолдау көрсету мақсатында өткен сайыста балалар өздері жаттаған жырдан үзінді оқыды. Арнайы қазылар құрамы бекітіліп, олар оқушылардың жырды жатқа айту ерекшелігіне мән берді.

Сайысқа қатысушылардың бірі – қаладағы №220 мектептің оқушысы Әділхан Ахметов. Ол «Қобыланды батыр» жырын толығымен жаттап алған.

– Мен сайыстың болатындығын қаңтар айында естідім. Содан бастап дайындалып келемін. Жырды бас-аяғы 5 айда толық жаттап алдым. Менің бұл жырды тез әрі жылдам жаттап алуыма жетекшім Тазабике Еңсепова апайымның еңбегі зор болды. Ол өзінің бар бос уақытын менің дайындық жұмысыма арнады. Жырды тез жаттап алу үшін алдымен жақсылап оқып шықтым. Осылай мазмұнын түсініп алдым. Ондағы әрбір кейіпкердің мінез-құлқымен таныстым. Содан соң жыр жаттау маған қиын болған жоқ, – дейді Әділхан.

Ал Сексеулі кентінен №77 орта мектептің 9 сынып оқушысы Сәнім Төреханова бақ сынады. Ол бар-жоғ 2 айда жырдың 100 бетін жаттап алған. Жырдың ішінде бір-біріне ұқсас сюжеттер көптеп кездеседі. Сәнім оны жаттау барысында алғашқыда қиындықтар туғанын жасырмады. Әйтсе де артынша оңай жаттап алғандығын айтты.

Тәуелсіздік тұғырын бекемдеген тұстағы ұлы мұратымыз – елдің тұтастығын келер заманға қарап жалғастыру, азаттық жолында басын бәйгеге тіккен батыр бабаларымыздың қаһармандық күрес жолдарын бүгінгі өскелең ұрпақтың санасына сіңіріп, тарихи эпостарымызды бүтіндей жеткізу болмақ. Бұл ретте, ұйымдастырылған жыр додасында аралдық оқушылар барынша зор қабілеттерін танытуға тырысты. Нәтижесінде, №67 орта мектептің оқушысы Шынар Қолғанатова (жетекшісі Зейлімхан Серікбаева) бірінші орын, №220 орта мектептің оқушысы Әділхан Ахметов (жетекшісі Тазабике Еңсепова) екінші орын және №57 орта мектептің оқушысы Айғаным Қоңырбаева (жетекшісі Мейрамкүл Нұрбаева) үшінші орын иеленді. Жеңімпаздарға облыстық кезеңге арнайы диплом мен қаржылай сыйақы табысталды.