1661 жылы әлемде алғашқылардың бірі болып қағаз ақшаны айналымға ендірген Швеция одан бас тартқан «бірінші мемлекет» болуы да мүмкін, деп жазады 24.kz
Сарапшылар осындай болжамдар айтуда. Өйткені соңғы 18 жылда банк карталары арқылы жасалатын төлемдер саны 10 есеге артса керек. Сәйкесінше, қолма-қол есеп айырысушылардың саны күрт қысқарып барады. Швеция астанасы Стокгольм орталығында орналасқан дүкенде әдетте төсек-орын жабдықтары сатылады. Ол 2012 жылдан бері қолма-қол ақша қабылдаудан бас тартқан. «Өйткені бұл қауіпсіз емес», - дейді дүкен қызметкерлері. Бүгінде көшеде сауда жасайтын саудагерлердің өздері де төлем қабылдаудың осы түріне көшкен. Тіпті онлайн-садақа аудару операциясы да халық арасында аса танымалдылыққа ие болып келе жатқан көрінеді.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, қазір Швециядағы төлемдердің 97%-ы электронды түрде жасалады. Яғни халықтың дені қолма-қол ақшадан бас тартуды қолдайды деген сөз. Сарапшылардың айтуынша, бұл тек қылмыспен ғана күресіп қоймай, салықтан жалтарушылардың да жолын кесе алады. «Оның үстіне электрондық төлемдер ақшаны өңдеуге кететін банк шығынын да жояды», - дейді мамандар.