Солтүстік Қазақстан облысында кәуапқа арналған еттің құрамынан антибиотиктер табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚРДСМ Тауарлар мен қызметтер қауіпсіздігі және сапасын бақылау комитетіне сілтеме жасап.
«Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар ауданы Ленинградское ауылындағы «Заможская С.А» жеке кәсіпкерлігіне қарасты «Ақкөл» дүкеніндегі азық-түліктердің қауіпсіздігін тексеру барысында тоңазытылған «Кавказский» кәуапқа арналған ет өнімінен адам ағзасына қауіпті антибиотиктер табылды. Сүйексіз, ұсақтап кесілген, жартылай дайындалған ет өнімі Ресейдің Омбы облысы, Калачинский қаласындағы «Омский бекон» АҚ-ның өнімі. Оның құрамынан 0,22 миллиграмм көлемінде левомицетин табылды. Нормалық көрсеткішке сай левомицетин 0,01 миллиграммнан аспауы тиіс. Өнімді жеткізуші Ақмола облысы, Көкшетау қаласындағы «N.V BUSINESS GROUP» жеке кәсіпкерлігі» , - делінген хабарламада.
Комитет таратқан ақпаратта айтылғандай, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ветеренариялық бақылау және қадағалау комитетіне тасымалдаушы мекеменің талапқа сай келмейтін өніміне қатысты ветеренарлық-санитарлық тексеру өткізу жөнінде хат жолданды.
«Сарапшы мамандар тұтынушылардан ет өнімдерін алар кезде оның жарамдылық мерзімін қарау керектігін және мүмкіндігінше жеке шаруашылықтардан сатып алу қажеттігін ескертеді. Антибиотиктер адамның өмірлік маңызы бар ағзаларына кері әсерін тигізеді. Әсіресе бүйрек, бауыр, жүрек қан тамырлары және жүйке жүйелеріне зиянды. Сондықтанда етті алдымен қайнатып сосын бұқтырған жөн. Ал тауық еті болса, алдымен бір қайнатып, оның суын төгіп тастауды ұсынады», - деп хабарлайды комитет.