25.10.2019, 15:10

Мейрамханаларда тегін тамақтанып жүрген жігіт ұсталды

фото: 4geo.ru/asino
Дәмді түскі ас ішкен соң, көзге түспестен ғимараттан шығып кеткен.

Екібастұз қаласы Полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері 26 жастағы Павлодар қаласының тұрғынын анықтап, ұстады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ер адам құрбысымен бірге шілде-қазан айлары аралығында Екібастұз қаласына «Лада Приора» маркалы автокөлігімен келіп жүрген. 

«Кеншілер қаласының көңіл көтеру орындарына барып, дәмханалар мен мейрамханаларда әртүрлі тағам мен сусындарға тапсырыс берген. Бұдан кейін дәмді түскі ас ішкен соң, көзге түспестен ғимараттан шығып кеткен. Мекеме иелеріне 10 мың теңгеден 35 мың теңгеге дейін шығын келтірген», - дейді баспасөз қызметі. 

Полиция қызметкерлері жігіттің 25 жастағы құрбысының мекенжайын анықтауда. Қазіргі уақытта алты фактіге қатысты ҚР ҚК-нің 195-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.