Батыс Қазақстан облысында жол апатынан бір адам қаза тауып, үшеуі жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
БҚО полиция департаментінің баспасөз хатшысы Болатбек Белгібековтің айтуынша, оқиға кеше Бөрлі ауданында болған. Ақсай-Жымпиты жолының 57-шақырымында «ВАЗ-2107» және «ВАЗ-21014» автокөліктері соқтығысты.
Салдарынан «ВАЗ-21014» автокөлігінің жүргізушісі көз жұмды.
«Барлық сараптама тағайындалды. Қорытындысы кейін хабарланады», - дейді Б.Белгібеков.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың сөзіне қарағанда, жедел жәрдем сағат 19.07-де шақырылып, бригада 10 минуттан кейін жетті.
26 жастағы жігіт оқиға орнында қаза тапты.
Алдын ала мәлімет бойынша, жабық бас-ми жарақатын алып, миы шайқалған 23 жастағы жігіт, 1986 және 1960 жылы туған ер адамдар аудандық ауруханаға жатқызылды.