«Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымының енді «Халифат үні» деп аталатын өз радиостанциясы бар. Радионың кеңсесі Ауғанстанның шығысындағы Нангархар провинциясында орналасқан және хабарды содырлар осы жерде отырып таратады. Бұл жайында The International Business Times басылымы хабарлап отыр.
Дереккөздің мәліметінше, радио тілшілері аймақтағы тұрғындарды, әсіресе жастарды билікке қарсы қару алып, өз қатарларына қосылуға шақырып жатқан көрінеді. Радио толқыны әзірге тек провинция аумағын ғана қамтып отыр. Дегенмен, бұл кеңістікті ұйым өкілдері алдағы уақытта кеңейтуі әбден мүмкін. Жергілікті билік өкілдері болса жастардың лаңкестер қатарын көбейтуі ықтимал екеніне алаңдаулы.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың сәуір айында «Ислам мемлекетінің» содырлары «әл-Баян» деп аталатын иентернет-радио арқылы ағылшын тілінде хабар тарата бастаған болатын. Алғашқы жаңалықтар легінде олар Ирак пен Сирия және Ливия аумағында ұйымның атқарып жатқан жұмыстары жайында айтқан еді.
Сондай-ақ, «Ислам мемлекетінің» Dabiq деп аталатын интернет-журналы да жұмыс істеп тұр. Ай сайын жарық көретін басылымда уахабилік ағымның идеологиясы насихатталады.