ҚарМУ-де «Сәкен Сейфуллин: ұлттық рух және ұрпақтар сабақтастығы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара қазақ ақыны, жазушы, қоғам және мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына арналды.
Конференцияға Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, қоғам және мемлекет қайраткері Оралбай Әбдікәрімов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Хангелді Әбжанов, Әл - Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Күләш Ахмет, сондай-ақ белгілі лингвистер, әдебиеттанушылар, тарихшылар, халықаралық ұйымдардың басшылары, ЖОО оқытушылары, магистранттар мен студенттер қатысты.
- Биылғы жыл Қарағанды облысында Сәкен Сейфуллин жылы деп аталды. Өзінің қысқа өмірінде ол біздің халқымыз үшін көп нәрсе жасады. Тек ақын және жазушы ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік және қоғамдық қайраткер болған. Бүгінгі конференция Сәкен Сейфуллин туралы көбірек білу үшін және біздің жастарымызға ол туралы барынша толық ақпарат беру үшін ұйымдастырылды,- деді Жеңіс Қасымбек.
Конференция аясында екі кітаптың тұсаукесері өтті. Басылымдардың бірі - Сәкен Сейфуллиннің, Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған «Үш арыс» альбомы. Кітап түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының тапсырысы бойынша қазақ және орыс тілдерінде басылып шықты.
- Біздің ұйымның басты мақсаты – түркі халқының ортақ мәдени мұрасын әлемдік аренаға шығару. Біздің үш жазушыларымыздың шығармашылығын суреттер мен шығармалар арқылы көрсету үшін кітап-альбом шығаруды шештік, - дейді «ТҮРКСОЙ» Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту жөніндегі халықаралық ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.
Екінші кітап Сәкен Сейфуллинге арналған. Ол облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының бастамасымен жарық көрді. «Сәкен Сейфуллин – мемлекеттік тұлға» кітабының авторлары Хангелді Әбжанов, Серік Оспанов және Темірғали Аршабеков. Авторлар Сәкен Сейфуллиннің тұлғасын мемлекет қайраткері ретінде көрсету мақсатын алға қойған. Кітапта Омбы мұрағатынан және Алматы Президенттік мұрағатынан алынған материалдар қолданылды.
Конференцияға қатысушылар үшін Қарағандыда мұражай экспонаттары мен кітаптарының, мұрағат материалдарының көрмесі ұйымдастырылды. Экспозицияда Сәкен Сейфуллиннің жеке заттары да көрсетілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, конференция материалдарының жинағына 120 өтініш берушілерден ғылыми мақалалар келіп түсіп, оның 95-і іріктеліп алынды. Секциялық отырыстарда қатысушылар «Сәкен Сейфуллиннің Мемлекет және қоғам қайраткері ретіндегі тарихи бейнесі», «Жаһандану дәуіріндегі тіл білімінің өзекті мәселелері» және «Қазақ әдебиетінің даму тарихы: кеше және бүгін» атты тақырыптарда әңгімелер мен пікір алмасулар өткізді.