$ 498.34  519.72  4.85

Алматылықтар Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдығын атап өтті

Салтанатты жиынның ашылуында сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.

Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қала әкімдігінің қолдауымен Қазақстанның халық жазушысы, соғыс ардагері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 95 жылдық мерейтойы өтті. Халық жазушысының тойына Нұр-Сұлтан, Алматы мен өзге де қалалардан қонақтар келіп қатысты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Жазушы тойы Алматыдағы Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында өтті. Оған қоғам және мемлекет қайратукерлері мен қаламгер зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынның ашылуында сөз алған Мемлекеттік хатшы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын жеткізді.

«Сізді егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан аса көрнекті жазушы, сөз өнерінің патриархы ретінде қадірлейміз. Қазақ қаламгерлері арасынан дараланып шығып, бірегей тұлға дәрежесіне көтерілген Өзіңізді үнемі мақтан етеміз»,– делінген президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеделхатында.

Сонымен қатар жазушының «Қан мен тер», «Соңғы парыз» романдары қазақ көркем сөзінің алтын қазынасына еніп, әлем әдебиетінде өзіндік орны бар рухани құндылыққа айналғаны жайында да айтылған.

Жазушының жалпы адамзаттық мәселелерді арқау еткен шығармалары арқылы халқымызды бүкіл дүние жүзі танығанына да тоқталған.

«Баршаны алаңдатқан Аралдың ахуалы Сіздің қайталанбас туындыларыңызда көрініс тапты. Ел мүддесін жаһандық деңгейге жеткізіп, оқырманның шексіз ықыласына бөленіп келесіз»,– деп жазды Мемлекет басшысы.

Президент мерейтой иесіне «Жазушылық жолыңыз, ғибратты ғұмырыңыз жалғаса берсін! Сізге зор денсаулық, шығармашылық табыс, бақ-береке тілеймін» деген ықыласын білдірді.

Ал өз кезегінде Қазақстанның Тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жазушыны «көзі тірі классик» деп бағалап, оның шығармаларының ерекшелігі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін шеберлікпен сомдағаны екенін айтқан.

«Құрметті Әбдіжәміл Кәрімұлы! Мерейлі 95 жасқа толған торқалы тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Көзі тірі классик, сөз өнерінің сардары, құрметті қаламгерлерден туған қайраткер ретінде сіз ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына, оның әлемдік деңгейде танылуына сүбелі үлес қостыңыз. Қалың жұртышылық жақсы білетін «Қан мен тер», «Соңғы парыз» сияқты әйгілі шығармаларыңыз арқылы оқырманың бірнеше буынының шынайы құрметіне бөлендіңіз. Халқыңыздың сан-салалы тыныс тіршілігін эпопеялық ауқыммен шебер суреттеп, қазақтың өмірде қайталана бермес бірегей бейнесін сомдаған көркем туындыларыңыз жас ұрпаққа ұлағатты ой айтуымен ерекшеленеді. Алдағы уақытта да сізге шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыңызға бақ-береке тілеймін» делінген Нұрсұлтан Назарбаев жолдаған жеделхатта.

Салтанатты жиында Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев мырза сөз алып, ұлы жазушының бүкіл саналы ғұмырын шығармашылық жолына арнағанына тоқталды.

«Сонау сұрапыл соғыс аяқталысымен 1946 жылдың желтоқсан айында Әбдіжәміл Кәрімұлының табан тіреген жері - осы Алматы қаласы болатын. Осында ұлы Мұхтар Әуезовтің назарына ілігіп, Сәбең, Ғабеңдердің батасын алады. Әдебиетімізге құбылыс боп келген қаламгер өмірінің содан бергі барлық сәулелі шақтарын, бейнет пен зейнетке толы бақытты кезеңін осы Алматыда өткізіп келеді. Өзінің атағын төрткүл дүниеге танытқан шығармаларын да Әбекең осында жазды. Оның қаламынан туған баршаға мәлім «Қан мен тер», «Соңғы парыз» атты романдары бір өңірдің немесе белгілі бір дәуірдің ғана көркем бейнесі емес. Ол барша адамзат баласына ортақ құндылықтар туралы ой толғаған, ұлттың азаттығын көксеген, өмірдің өзіндей шынайы жасампаз туындылар еді», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, жиында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтар да сөз алды.

Әбдіжәміл Нұрпейісов Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиевпен бірге мемлекеттік сыйлық лауреаты атағын алған үш қазақ жазушысының бірі. Оның шығармалары әлемнің 30 тіліне аударылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Әбдіжәміл