Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында сойы қазақ болмаса да, ойы қазақ, өзі қазақ болмаса да, сөзі қазақ жазушы Герольд Бельгерге көше берілді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Өзінің саналы ғұмырын Алматы қаласында өткерген жазушы Герольд Бельгердың атына Алматыдан көше берілді. Дәлірек айтсақ, Алматы қаласының «Тау самалы» ықшам ауданында осыған орай салтанатты шара ұйымдастырылды.
«Осы көшенің қуанышты азаматтарының бірі ретінде келіп отырмын. Алматы қаласы мәслихатының шешімімен осы әдемі көшеге қазақтың көрнекті жазушыларының бірі Герольд Бельгер есімі берілді.
Сөз жоқ, халықтың бүгін көп жиналатын түрі бар. Бельгерді бәрі біледі екен. Олардың көптеген жазуы, шығарған еңбегі, қазақтың арасында жүрген, қазақтың қасиетті салтын өте терең білетін, шығармалары халыққа біртабан жақын», – деді Алматы қаласы Наурызбай ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәдениет Кәркенов.
Аталмыш шараға жазушы, аудармашы, публицист Герольд Бельгердің туған-туыстары мен жұбайы арнайы Ресейден келіп қатысты.
Жазушының қызы Ирина Бельгердің айтуынша, бұл - жазушының атына берілген үшінші қаладағы көше. Осыған дейін, Солтүстік Қазақстанда, Қарағанды облысында Герольд Бельгерге көше атауы берілген. Шараға жиналғандар әдеби сыншының есімі мәңгі өшпесе екен деген тілек білдірді.
«Әкеміздің өмірден озғанына 5 жылға жуықтады. 2015 жылдың 7 ақпаны күні одан айырылып қалып едік. Қазір қолымыздан келгенше арда есімін ұмыттырмас үшін естеліктер жинастырып жатырмыз. Қолжазбалары бар. Оларды ретке келтіруді көздеп отырмыз», – деді Г. Бельгердің қызы Ирина Бельгер.
Жаңа атауға ие болған көшенің жалпы ұзындығы 1400 метр. Ол көшеде 50-ге тарта жер үй бар. Көше бойына жаңа тақтайша ілініп қойған. Жалпы Наурызбай ауданында соңғы екі жылда 100 көшеге атау берілген. Өзгеріс кезінде әкесінің де атына көше бұйырғаны қызы Ирина Бельгерді шын қуантыпты. Себебі, қазір ол Герольд Бельгердің қолжазбаларын, жеке заттарын жинастырып, мұражайға өткізуді қолға алған.
Айта кетейік, жазушы Герольд Бельгерге Алматы қаласынан көше беру туралы шешімді Алматы қалалық маслихаты қабылдаған. Ал Көшенің салтанатты ашылуы рәсімі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанның белгілі жазушысы Герольд Бельгер 2015 жылдың ақпанында 80 жасына қараған шағында жүрек ауруынан қайтыс болған.
Герольд Бельгер 1934 жылы Ресейдің Саратов облысының Энгельс қаласында туған. 1941 жылы Еділ бойындағы этникалық неміс ретінде Қазақстанға, Солтүстік Қазақстан облысының қазақы ауылына депортацияланды. Қазақ тілін жетік меңгеріп өскен Бельгер Абай атындағы Қазақ педагогика институтының әдебиет факультетін тәмамдады.
Герольд Бельгер - 53 кітаптың авторы. «Ауыл шетіндегі қарағай үй», «Даладағы шағалалар», «Алтын асу» және тағы да басқа шығармалары ел арасына кең танылған. Ол сонымен бірге Майлин, Мүсірепов, Нұрпейісов шығармаларын орыс тіліне аударған. 100-ден астам кітаптың тете авторы болды.