Алматыда қала басшысы Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың қатысуымен «Нұр Отан» партиясы, Алматы қалалық филлиалының алқа мәжілісі өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалының төрағасы, қала әкімі Бақытжан Сағынтаев филиалдың кезекті жиынын өткізді, онда бастауыш партия ұйымдары жұмыстарының тиімділігін арттыру мәселесі қаралды.
Жиында «Құтты мекен» жобасын жүзеге асыруға, партияның Алматы қалалық филиалы бастауыш партия ұйымдарының жұмысын қайта құруға, «Таза сессия» акциясы аясында жоғары оқу орындары арасында жүргізілген сауалнама қорытындысына қатысты мәселелер қаралды.
Сонымен қатар, партияның қалалық филиалының қоғамдық қабылдауында 2019 жылдың 9 айы ішінде мемлекеттік органдар басшыларына азаматтардың жолдаған өтініштері және «Алматы-2020» қаланы дамыту Бағдарламасы қаралды.
Партиялық бақылау барысында «Құтты мекен» жобасы бойынша объектілерде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым салудың кестеден тыс қалу фактілері анықталды.
Қала басшысы, партияның қалалық филлиалының төрағасы Бақытжан Сағынтаев мырза жиында көтерілген барлық мәселелерді жою үшін нақты іс шараларды атқару туралы тапсырма берді.
Аудандық филиалдардың төрағалары – аудан әкімдері бір ай ішінде кем деген бір рет партиялық бақылау комиссияларының отырыстарын өткізіп тұрулары тиіс.
Партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров жобаны жүзеге асыру және тексеру қорытындысы бойынша орын алған кемшіліктерді жоюға қатысты жүргізілген жұмыстар бойынша партия филиалының аппараттық жиынына ақпарат ұсынуы қажет.
Сондай-ақ, Бақытжан Әбдірұлы партиялық жұмыс жеткіліксіз қамтылған жерлердегі учаскелерде электронды карта негізінде «бастауыштарды» құруды тапсырды.
Бақытжан Сағынтаев «Jas Otan» жастар қанатының қалалық филиалына жоғары оқу орындарының барлық оқу корпустары мен жатақханаларда «Сенім жәшігі» жобасын іске асыруды тапсырды.
Аудан әкімдері мен басқармалар басшыларына «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдау кестесін мүлтіксіз сақтау және өтініштерді дер кезінде қарау тапсырылды.
Дәл осы күні Бақытжан Сағынтаев «Нұр Отан» партиясының Қоғамдық қабылдауында азаматтарды қабылдауды өткізді.
Тұрғындар тұрғын үйге, жер учаскелеріне, ПИК жұмыстарына қатысты мәселелерді алға тартты.
Барлық мәселелерге қолданыстағы заң аясында түсініктемелер берілді. Қосымша зерттеуді қажет ететін сауалдар жергілікті жерге барып, көріп, тексерудің нәтижесі бойынша шешілетін болады.